Көктайғақ: Петропавлда 70 адам түрлі дене жарақатын алған

05.11.2025 15:06

Ауа райының күрт суытуынан екі тұрғынды жеңіл үсік шалған

Қар түсіп, аяз бастала қатқан мұздан майып болып жатқандар көбейді. Соңғы екі тәулікте Петропавлда жетпіске жуық адам көктайғақ салдарынан жарақат алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көпсалалы қалалық ауруханасының травматология пунктіне жүгінгендердің дені – зейнеткерлер. Ауа райының күрт суытуынан екі тұрғынды жеңіл үсік шалған. Қазір науқастың барлығы амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Синоптиктердің болжауынша, келер аптада өңірде күн райы тұрақсыз болады. Сондықтан дәрігерлер жарақат алушылардың саны әлі де артуы мүмкін деп отыр. Әдетте, маусымаралық кезеңде травтологтардың көмегіне тәулігіне жүзге жуық адам жүгінеді.

«Көбінесе сирақ-асық буыны мен білек сүйектерінің сынуы және байламдардың созылуы жиі кездеседі. Әдетте асық буыны үзіліп, тобық немесе білек сүйегі сынады. Мұз қатқан алғашқы күндері міндетті түрде таймайтын табаны бар аяқ киім кию қажет», – деді Петропавл қаласы Жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматолог-ортопеді Валерий Грибашов.

«Асығып бара жатып тайып құладым. Дәрігерлер дереу көмек көрсетті, шина салды, ауырсынуды басатын дәрі берді. Сынық жылжып кеткен екен. Баршаңызға абай болыңыздар дегім келеді», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Прасковья Ерохина.

Сондай-ақ кейінгі күндері өңірдегі қолайсыз ауа-райынан екі жол апаты тіркеліп, екі адам жарақат алыпты. Ал әкімдік қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. Жиектастар, аялдамалар мен көшелерге көктайғаққа қарсы қоспа қарқынды себіле бастады.

Оқи отырыңыз: Құлсарыда газ құю бекеттерінің бірінде өрт шығып, бір адам аурухана түсті