Көктемгі су тасқынына дайындық: өңірлерде қандай жұмыстар атқарылып жатыр

06.02.2026 09:29

Өзен арналарының шамамен 110 шақырым бөлігі тазартылды

Аlmaty.tv

2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Қазақстанның алты облысында өзен арналарының жалпы ұзындығы 109,5 шақырым болатын учаскесінде қалпына келтіру жұмыстары (тазалау және тереңдету) жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, қазіргі таңда Абай, Ақмола, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тоғыз өзеннің 83,7 шақырым аумағында жұмыстар толық аяқталды.

Ал қыс мезгіліне байланысты Ақмола және Қарағанды облыстарындағы үш өзеннің 25,8 шақырым учаскесінде тазалау жұмыстары уақытша тоқтатылған. Барлық жұмысты көктемгі тасқын басталғанға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

«Жұмыстар Су ресурстары және ирригация министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әзірлеген 2025-2027 жылдарға арналған елді мекендер маңындағы өзен учаскелерін санациялау жөніндегі Жол картасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, елді мекендерді су басу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Оқи отырыңыз: 6 ақпанда Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр