Көктемнің тосын сыйы: Вишневое көлінің мұзы жолға шықты

15.04.2026 15:40

Табиғаттың бұл құбылысы көлік қозғалысын уақытша қиындатып, жолдың бір бөлігін мұз жамылған өткелге айналдырды

ҚазАвтоЖол

Қостанай – Көкшетау бағытындағы KAZ-03 автожолының Севастополь кенті маңындағы су тасқыны қаупі бар учаскесінде жүргізушілер табиғаттың күтпеген «тосын сыйына» куә болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қатты соққан желдің әсерінен Вишневое көлінің мұз қабаттары қозғалып, жолдың жүріс бөлігіне дейін жеткен. Көктем бұл өңірде өзін қыс ызғарымен еске салғандай әсер қалдырды.

Табиғаттың бұл құбылысы көлік қозғалысын уақытша қиындатып, жолдың бір бөлігін мұз жамылған өткелге айналдырды. Дегенмен жол қызметтері жағдайға жедел ден қойды. Оқиға орнына арнайы техника жұмылдырылып, жолды тазалау жұмыстары ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, тиегіш, автогрейдер, К-700 тракторы және жол жөндеу бригадалары тартылды.

Қазіргі уақытта жолдың бір бағыты бойынша қозғалыс қайта жанданып, көлік қатынасы ішінара қалпына келтірілді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, учаскені толық тазарту жұмыстары 3–4 сағат ішінде аяқталады деп күтілуде.

Жүргізушілерге сақтық шараларын қатаң сақтау, ауа райы жағдайын ескеру және мүмкіндігінше аталған бағытқа сапарды уақытша шектеу ұсынылады.

Оқи отырыңыз: Жалған жөндеуші елорда тұрғындарын алдап кеткен