Көкжөтел балалар үшін неге қауіпті және одан қалай қорғануға болады

14.11.2026 16:49

Көкжөтелдің алдын алудың негізгі жолы – екпені уақытында алу

Аlmaty.tv

Көкжөтел – әсіресе бір жасқа толмаған балалар үшін қауіпті жұқпалы ауру. Ол асқынған жағдайда өкпенің қабынуына, бронхитке, тыныс алудың уақытша тоқтауына, тіпті мидың зақымдануына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандардың мәліметінше, көкжөтелдің ауыр асқынуларына тыныс алу жеткіліксіздігі, құрысу және ағзаға оттегінің жеткіліксіз түсуінен болатын ми зақымдануы да жатады. Сондықтан әсіресе кішкентай балаларды инфекциядан қорғау маңызды.

Көкжөтелдің алдын алудың негізгі жолы – екпені уақытында алу. Комитет мамандары балаларға ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес АКДС вакцинасын салдыруға кеңес береді.

Вакцинациядан бөлек, инфекцияның таралуына жол бермеу үшін науқасты оқшаулау, үй-жайды жиі желдету және ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу маңызды. Сондай-ақ қолды сабынмен жиі жуып, науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу қажет.

Егер көкжөтелмен ауыратын адаммен байланыста болсаңыз, дәрігерге қаралып, медициналық бақылаудан өткен жөн. Қажет болған жағдайда маман антибиотиктік профилактика тағайындау мәселесін шешеді.

Мамандар көкжөтелдің ауыр түрінен қорғанудың ең тиімді жолы – екпені белгіленген мерзімде алу екенін еске салады.

Оқи отырыңыз: Бала жабық есіктің ар жағында қамалып қалса, қалай әрекет ету керек

Толық көрсету