Шаһарда 200-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген
Астанада екі күннен бері ұйытқып ақ түтек боран мен ақ ұлпаның кесірінен қаладағы кептеліс шекті балға жетіп тұр. Ал қалың қардан адам түгілі техниканың өзі жүруі қиындаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тоқтаусыз жауған қардың кесірінен жұмысына асыққан халық діттеген жеріне жете алмай әлек. Қала көшелерінде қоғамдық көліктер омбы қарға тіреліп, тұрып қалып жатты. Көлік түгілі, жаяу адамның жүруі де қиындады. Бас қаладан соңғы бір апта ішінде 57 мың текше метрден астам қар шығарылған. Ақ ұлпаның мөлшерден тыс түсуі жол-көлік оқиғасының көбеюіне септігін тигізді. Өткен демалыс күндері шаһарда 200-ден аса жағдай тіркелген.
"Өткен демалыста елорда жолдарында 200-ден астам ЖКО тіркелді. Осы орайда, жүргізушілерге барынша мұқият және сақ болуды, белгіленген жылдамдықты, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды ескертеміз. Қиылыстарға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне және қоғамдық көлік аялдамасына жақындағанда жылдамдықты азайтуды, сондай-ақ кенеттен маневр жасамауды ұсынамыз. Жаяу жүргіншілер де ерекше сақтықты талап етеді. Жолды өту кезінде барлық көліктердің толық тоқтағанына көз жеткізіңіз", – деді Полиция департаменті ЖПҚБ бастығы Ержан Әділбеков.
Төтеншеліктерді де мезгілсіз келген ақ түтек боран әбігерге салып қойды. Коммуналдық қызмет мамандары сенбіден бастап жауған қарды тазалап үлгермей жатыр. Бұл шаруаға 1300-ден астам арнайы техника мен 2400-ден астам жол жұмысшы жұмылдырылған. Кептеліс болмау үшін ең алдымен негізгі көшелер тазартылып жатыр. Қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардағы қозғалыс та бақылауға алынды.
"Қазіргі таңда республикалық жолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына 740 арнайы техника мен 1800 жолшы жұмылдырылды. Мамандар жолды қардан тазалап, көктайғаққа қарсы материалды төсеуде. Өткен демалыста күн райы бұзуылуына байланысты Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу облыстарында қозғалысқа шектеу қойылды, қазір жол ашық", – деді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.
Әуежайда да бірнеше рейс кейінге шегерілді. Астанаға бағыт алған 6 ұшып келу және 10-нан аса ұшып шығу бағыты уақытша тоқтатылған. Күн райы қолайсыздығын жолаушыға ғана емес, мектеп оқушыларына да тигізді. Өткен аптада 2 күнін қашықтан өткізген балалар бүгін мектепке барды. Қалың қар мен бұрқасын боран тағы 2-3 күнге созылуы мүмкін. "Қазгидромет" мамандары алдағы күндері барлық өңірінде аяз күтіледі деп болжап отыр.
Сенбіден бері күшіне мінген қыс қаһарына астаналықтар дайын болмай қалған көрінеді. Себебі көлік жүргізушілерінің көбі жазғы дөңгелегін ауыстырып үлгермеген.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана