Көлік орны үшін жанжал: Шымкентте қарт адамды өлтірген күдікті ұсталды

10.09.2026 18:58

Қария соққыдан жерге құлағанымен, күдікті оны аямаған

Шымкентте 65 жастағы қарияны есік алдындағы көршісі аяусыз ұрып өлтірді. Екі ер адам көшеде ерегісіп, арты төбелеске ұласқан. Бірнеше соққыдан кейін зейнеткер жерге құлап, сол жерде тіл тартпай кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv

Айдың-күннің аманында әкесінен айырылған жақындары зар еңіреп отыр. Қанды оқиғаның сұмдық сәттері бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрдан 39 жастағы ер адамның қарт көршісін аяусыз ұрғанын көруге болады. Қария соққыдан жерге құлағанымен, күдікті оны аямаған. Жатқан жерінде тағы бірнеше рет соққы жасаған. Артынша марқұмның үйіне кіріп, кейбір заттарын алып, ештеңе болмағандай кете берген. Ең сорақысы, жаға ұстатарлық жайт балалардың көз алдында болған.

«Марқұм менің әкемдей болып кеткен жан еді. Ол ешкімге жамандық жасаған емес. Ал мына көрші оған үнемі тиісіп, мазасын алып жүретін. Оның есірткі тұтынатынын да білеміз. Отбасы туралы да жақсы пікір айта алмаймын. Жалпы, мінезі қиын адам еді», – деді көршісі.

Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі де дереу жеткен. Алайда дәрігерлер келгенде бәрі кеш болыпты. Қазір күдікті ұсталып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер жанжалдың нақты себебі мен істің ақ-қарасын анықтап жатыр.

«Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу дерегі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастады. Күдікті жедел түрде анықталып, құрықталды. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Әлібекұлы.

 Көршілерінің айтуынша, екі ер адамның арасындағы жанжал көлік қоятын орыннан басталған. Күдікті зейнеткерден автокөлігін басқа жерге қоюды талап еткен көрінеді. Алайда оның соңы төбелеске ұласып, ақыры қанды оқиғамен аяқталыпты.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Абай облысында жоқ пәтерді жалға берген алаяқ ұсталды

Толық көрсету