Көлік полицейлері заңсыз еңбек миграциясының жолын кесті

03.06.2026 17:46

Шетел азаматтары жергілікті атқарушы органның тиісті рұқсатынсыз жұмысқа тартылған

polisia.kz

Көлік полицейлері шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған компанияны жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Көлік полицейлері жүргізген профилактикалық рейд барысында Абай облысының Ақтоғай станциясында салынып жатқан теміржол нысандарының бірінде еңбек етіп жүрген көрші елдің бес азаматын анықтады.

Тексеру барысында шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының шетелдік жұмыс күші мен еңбекші мигранттарды пайдалану саласындағы заңнама талаптарын бұза отырып жүзеге асырылғаны белгілі болды.

Атап айтқанда, шетел азаматтары жергілікті атқарушы органның тиісті рұқсатынсыз жұмысқа тартылған.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған жекеменшік компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар анықталған бес шетел азаматы да Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Сот шешімімен олардың төртеуіне 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынса, бір азаматқа бір тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Көліктегі полиция департаменті жұмыс берушілер мен шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасы мен шетелдік жұмыс күшін пайдалану талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Еліміздің көлік инфрақұрылымы нысандарында құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында мұндай профилактикалық және рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Оқи отырыңыз: The Spirit of Tengri: Алматыда халықаралық этнофестиваль өтеді