Көлік салығын төлеуге санаулы сағаттар қалды: борышкерлерді қандай жаза күтіп тұр?

Қазақстанда 2025 жылғы көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 2025 жылға арналған көлік салығын төлеу науқаны мәресіне жетті. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, салықты өтеудің соңғы мерзімі – 1 сәуір. Бүгінгі таңда еліміздегі 4 миллионға жуық көлік иесінің 3 миллионы ғана өз міндетін орындап, бюджетке 51 миллиард теңге түскен. Алайда, 1 миллионға жуық азамат әлі де берешегін өтемеген, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандар ертеңнен бастап салық төлемегендер үшін жауапкершілік күшейетінін ескертеді. 2 сәуірден бастап әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. Ал қарызын өтеуге асықпағандардың мәселесімен мамыр айынан бастап сот орындаушылары айналыспақ.

«Төлемеген берешек сомасына байланысты күн сайын 1,25 пайыз мөлшерінде өсімпұл жүріп отырады. Егер салық төлеуші міндетін орындамаса, біз хабарлама жібереміз. Оны орындауға 30 жұмыс күні беріледі. Содан кейін Салық кодексіне сәйкес салық бұйрығын шығару шаралары қолға алынады», – деді ҚР ҚМ МКК бас сарапшысы Жандос Төлегенов.

Салықтан жалтарудың салдары тек айыппұлмен шектелмейді:

  • Банк шоттары бұғатталады және мүлікке тыйым салынуы мүмкін;

  • Қарыз көлемі 157 мың теңгеден (40 АЕК) асса, елден шығуға шектеу қойылады;

  • Мәжбүрлеп өндіру кезінде сот орындаушыларының қызмет ақысын төлеуге тура келеді.

Жүргізушілердің өздері де бұл шараларды қолдап отыр. Қала тұрғыны Мансұр Қамзаевтың айтуынша, салық мөлшерлемелері тиімді және оны уақытылы төлеу – әрбір азаматтың парызы.

«Мысалы, менің 2023 жылғы 2.0 көлемді көлігім үшін салығым небәрі 15 мың теңге болды. Төлемесең, қарыз өсе беретінін түсіну керек», – дейді ол.

Сондай-ақ, комитет өкілдері жақсы жаңалықпен бөлісті: жаңа Салық кодексі аясында 2027 жылдан бастап ескі көліктерге жеңілдіктер енгізіледі.

  • Шыққанына 10 жылдан 20 жылға дейін болған көліктерге – 30% жеңілдік;

  • Шыққанына 20 жылдан асқан көліктерге – 50% жеңілдік берілмек.

Еске сала кетейік, салық сомасы былтырғы айлық есептік көрсеткіш негізінде есептелген. Төлейтін соманы банк қосымшаларынан немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтынан тексеруге болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы

Новости партнеров