Көлік тұрағы жоқ: жалған жарнамаға сенген тұрғындар пәтердің сапасына сын айтты

05.11.2024 21:35

Наурызбай ауданының тұрғындары бас көтерді

«Жайлы үйге көшеміз бе деп жүріп, былыққа баттық». Осылай деп арнамызға шағымын жеткізген Наурызбай ауданының тұрғындары бүгін бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындарды алаңдатқан бірінші мәселе – тұрақ. Олар "Ұлықбек көшесінің жалғасы біздің аулаға салынса, көлік қоятын жер болмай қалады" деп дабыл қағып отыр.

"Тұрғын үй комфорт классқа сай емес. Неге алдап сатқан? Ұлықбек көшесінің сатылатынын әлі жасырып келе жатыр. Әкімдік көше салынады деп отыр", – деді қала тұрғыны. 

"Балалардың ойнайтын футбол алаңы, машина тұрағы бар. Бәрі көшеге айналып кетеді, ел не істейді?" – деді қала тұрғыны.

"Тауға қарап тұр" деп қосымша 500 мың теңге төледік. Бір бөлмеміз, 40 квадрат метр, 22 миллион 500 мың теңгеге шығады", – деді қала тұрғыны

Үй алып, жағдайын оңдаймын деген жұрттың ойлағаны жүзеге аспады. Көктерек көшесі 139 мекен-жайында орналасқан «комфорт» санатына кіретін баспанаға ие боламыз деп, артынан тауы шағылған көпшілік құрылыс компаниясының заңды белшесінен басып отырғанын жеткізді. Олар жауаптылардың үй сатарда жарнамасында көрсеткен міндетін орындамағанын айтты.

"Медігер мына жерді қоршап алып, тұрақ деп көрсетіп, алдап сатып отыр. Көктерек көшесі салынса, үй арасындағы бар-жоғы 80 орын қалады. 1500 пәтерде  10 мың адам тұрады. Көлікті  қайда қоямыз. "Комфорт"  деп сатты, бірақ құжат бойынша "эконом" санаты көрсетілген. Тұрғындар орын талап ете алмайды, ал "комфорт" санатында кем дегенде бір орын берілуі керек", – деді қала тұрғыны Бағлан Исақ.

Ашынған жұрт былық шығатынын білгенде, компанияның қызметіне жүгінбейтінін алға тартты. Қордаланған мәселе мұнымен бітпейді. Үйдің сыртынан бөлек, ішінде де айтылар әңгіме көп.

"Жертөле суға толық қалды. Терезеден жел соғып тұр. Балалар тоңып шығады", – деді қала тұрғыны Жанат Кәрменова.

"Ақшама нормальный екі комнатный2 бөлмелі пәтер алуға болатын еді. Мен жарнамаға сеніп қалдым. "Жабық алаң, бейнебақылау, күзет қызметі бар, тауға жақын, жолдан алыс, таза ауа" деп болашақ немеремді ойлап, пәтер сатып алдық", – деді қала тұрғыны Диляра Жиембаева.

Көпшіліктің үнін тыңдауға тілшілерден бөлек, құрылыс компаниясының өкілі де келді. Алайда бір апта бұрын ғана жұмысқа орналасқан жауапты маман мәселеге қатысты мардымды пікір айтпады. Жауапкершілікті әкімдікке жүктеуден ары аспады.

"Бізге көше түсетіні жайында ешқандай құжат берілген жоқ. Осы территорияда административный әкімшілік ғимарат пен тағы 800 орын бар", – деді компанияның басқарушы директоры Исламбек Тұрғынбаев.

Ал қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бөлім басшысы тұрғын үй кешенінің тұрағы орналасқан жерге Ұлықбек көшесінің жалғасы салынатыны 2016 жылдан бері белгілі болғанын кесіп айтты. 

"Жобада 2016 жылдан бері Ұлықбек көшесі тұр. Жер иесі заңнамаға сәйкес, рұқсаттама қағазын алу барысында оны білді. Жерүсті көлік тұрағы көрсетілген жерде көше салынады", – деді  Жоспарлау және урбанистика басқармасының бөлім басшысы Жанат Сайбақов.

Арман-тілегінің тас талқаны шыққан жұрт о баста берілген уәденің орындалуын сұрайды.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Елімізде 1 млн адам банк алдындағы берешегін өтемеген