Қолқаны қапқан иіс: Ақтауда неге 6 ай заңсыз қоқыс орны тазартылмады

18.06.2025 14:56

Жергілікті биліктің айтуынша, бұл – саудагерлердің ісі

Алты ай алынбаған қоқыс бір-ақ күнде тазарды. Бұған дейін Ақтаудағы шағынаудандардың бірінде азаматтар қолқаны қапқан иіс пен жиналмаған тұрмыстық қалдыққа шағым айтқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көшенің қақ ортасында жатқан қоқыстың айналасында орталық базар, бір бетінде Ауыл шаруашылығы басқармасы, екінші бетінде туризм колледжі бар. Бірақ үйілген дүниені олардың ешқайсысының алып тастауға құлқы жоқ. Лас заттардың жатқанына бір емес бірнеше ай болған. Қолқаны қабатын иіс жаз басталғалы, тіпті күшейіпті.

«Алты ай бұрын тек қорап болатын, бүгін қоқыс алаңына айналды. Ешкімнің жаны ашымайды. Мен 3 рет телеграмм чатқа жаздым», – деді қала тұрғыны Эльмира Қисметова.

 «Бес-алты ай болды ешкім алмайды. Баяғыда бұл жерде базар болды. Солар киімдерін, заттарын өтпегенін апарып тастайды», – деді қала тұрғыны Батыржан Егебаев.

Айлап алынбаған қоқыстың неге жиналмағанын базар әкімшілерінен де, басқарма мамандарынан да сұрап көрдік. Бірақ бәрінде бір жауап. Қай-қайсына хабарлассаң да «бұл біздің қоқыс емес» дейді.

Айтпақшы, сәл ертеректе қалалық әкімдік базар сыртынан кәсіпкерлерге орын берген. Жергілікті биліктің айтуынша, бұл – саудагерлердің ісі. Олар заңсыз кәсіпкерлікпен күреспек.

«Заңсыз қоқыс үйіндісін жою мақсатында полиция қызметкерлерімен рейд жүргізілді. Кәсіпкерлерге ескерту берілді», – деді қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Жантілек Асхатов. 

Біз түсірілімді аяқтағанша қоқыс жинайтын техникалардың да төбесі көріне қалды. Лас заттарды тиеп, алып кеткен олардың бұған дейін неге әрекет етпегені жұмбақ.

Айта кетейік, қалалық әкімдік аталмыш аумақты жіті бақылауда ұстаймыз деп уәде берді.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Автобус апаты: 8 жастағы Алуаның оңалту шарасын министрлік жауапкершілігіне алды