Қазіргі таңда 100 мыңнан астам студент өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр
Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрпатты маман даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беруде ауқымды трансформация жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Колледждер теорияны практикамен, ал білім беру үдерісін өндіріспен ұштастыратын кәсіби мамандар ұстаханасына айналуы қажет. Сондықтан дуальды оқыту үлгісін белсенді дамытуды қолға алдық», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 100 мыңнан астам студент 18 мың кәсіпорынның базасында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Төрт мыңнан аса компания 600 колледжге қамқорлық көрсетеді. Олар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтіп, шыңдалуына, оқу орнындағы құрал-жабдықтарды жаңғыртуға атсалысады.
«Техникалық және кәсіптік білімді ақысыз негізде беру жобасы іске асырылуда. Жұмысқа орналасуға кепілдік бере отырып, маман даярлау механизмі енгізілді. Сонымен қатар кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Жастар колледжде оқуды шын мәнінде сұранысқа ие мамандықты меңгеру жолындағы алғашқы саналы қадам ретінде қабылдауға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлінетініне тоқталды. Техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру аясында халықаралық стандарттар енгізіліп, шетелдік менеджерді тарту және академиялық ұтқырлықты дамыту қолға алынды.
«Қазақстандағы 60-тан астам колледж 30 елдегі серіктестерімен ынтымақтастық орнатты. Ал тоғыз колледжіміз Ресей колледждерімен және кәсіпорындарымен табысты жұмыс істеп жатыр», - деді Президент.
Оқи отырыңыз: Кәсіби кадрларды даярлау үшін жүйелі шаралар қабылдаймыз - Мемлекет басшысы