“Көлсай көлдері” ұлттық паркінің аумағынан қар ілбісі мен қоңыр аю көзге түсті

12.06.2025 13:41

Жыртқыштар Қазақстанның Қызыл кітабына енген 

Видеодан кадр

“Көлсай көлдері” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына қар ілбісі фототұзаққа түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бейнежазбаларда ілбістің өз тіршілік аймағын жүйелі түрде шолып жүргені байқалады.

“Көлсай көлдері” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына орнатылған ұзақ мерзімді бейнеқақпанға Қазақстанның Қызыл кітабына енген Қар ілбісі _(Panthera uncia) тіркелді. Бақылау нәтижесінде оның осы аумақты шамамен 4 ай бойы бақылауда ұстағаны көрінеді», - делінген хабарламада.

Бұл дерек қар барысының мекендеу ортасын және мінез-құлқын зерттеу үшін аса маңызды материал болмақ.

Сондай-ақ “Көлсай көлдері” МҰТП аумағында Тянь-Шань қоңыр аюы да көзге түскен. Жыртқышты Ортаңғы Көлсай көлі бағытымен келе жатқан демалушылар ұялы телефонмен бейнежазбаға түсіріп алған.

«Бұл — Қазақстанның Қызыл кітабына енген, сирек кездесетін жабайы жануар. Тянь-Шань қоңыр аюлары тығыз орманды тау беткейлерінде өмір сүреді. Егер сіз де осындай ғажайып сәтке куә болсаңыз, қауіпсіз қашықтықты сақтап, бейнетүсірілім жасап, ғажайып табиғаттан ләззат алыңыз», - дейді ұлттық парк өкілдері.

Оқи отырыңыз: TikTok арқылы құмар ойын ұйымдастырған екі тұрғынға қатысты тергеу аяқталды