Қазіргі таңда қажетті отынның 57 пайызы түсті
Алматы облысында тұрғындарды қатты отынмен қамту жұмыстары қарқын алды. Қазірдің өзінде өңір қоймаларына 379 мың тонна көмір жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биылғы қыс маусымында тұтынушылар жалпы 666 мың тонна көмір жағады деп жоспарланған. Қазіргі таңда қажетті отынның 57 пайызы түсті, ал қалған бөлігі жылу маусымы аяқталғанша кезең-кезеңімен тасымалданады.
Облыс аумағында 35 көмір сататын пункт жұмыс істейді. Бағасы қойманың орналасқан жеріне және теміржол тұйығынан қашықтығына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Теміржол тұйықтары жоқ елдімекендерге көмір автокөлікпен жеткізіледі. Ал Райымбек пен Кеген аудандарын қамтамасыз ету үшін жергілікті көмір пайдаланылады.
Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы көмір бағасын екі апта сайын қатаң тексеріп, бақылауда ұстайды.
«Көмір тапшылығы немесе бағаның негізсіз өсуі бойынша шағым түссе, оларды әкімдіктермен бірлесіп қараймыз. Заңбұзушылық анықталса, материалдар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жолданады. Тұрғындар шағымданған кезде сатушының атауын, мекенжайын көрсетіп, төлем түбіртегін қоса ұсынуы қажет», – деді басқарма басшысы Нұрлан Өмірханов.
Оқи отырыңыз: Алматыда екі күнде айлық жауын-шашын мөлшерінің 76 пайызы жауды