Бұл ретте жаңа тәртіп төлемнің нақты түрі ескеріле отырып қолданылатын болады
Бүгінде әлеуметтік қорғау жүйесінде республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылардың 39 түрі көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР ЕжХӘҚМ-не сілтеме жасап.
Жаңа тәсілге сәйкес олардың 14 түрі мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып берілетін болады. Өзгерістер Отбасының цифрлық картасы бойынша «А» және «В» санаттарына – әл-ауқаты жоғары немесе ауқатты отбасыларға жатқызылған төлем алушыларға ғана қатысты болады.
Бұл тізбеге балалы және көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын ата-аналар мен өзге де адамдарға арналған төлемдер, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайына жәрдемақылар, жерлеуге арналған төлем, сондай-ақ ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және мемлекеттік атақтарға ие болған азаматтарға тағайындалатын жекелеген арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар кіреді.
Бұл ретте жаңа тәртіп төлемнің нақты түрі ескеріле отырып қолданылатын болады.
Бірақ, бұл барлық төлем түрлерін алуға құқық автоматты түрде сақталады дегенді білдірмейді.
Егер бірінші топтағы мүгедектігі бар адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы алатын болса, бұл төлем сақталады.
Ал егер оның басқа төлемге, мысалы, бала тууына байланысты төлемге құқығы туындаса, ол мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып тағайындалатын болады.
Осылайша, әрбір төлем оны тағайындау негізі және оған мұқтаждық қағидаты ескеріле отырып, жеке қаралатын болады.
Негізгі мақсат – әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттырып, оны шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау.
Читайте также: Қазақстан өңірлерінде қандай нысандар іске қосылды