Конституция жобасында мемлекеттің іргелі қағидаттары әлсіреген жоқ, керісінше одан әрі нығая түсті
Жаңа Конституция жобасында мемлекеттің іргелі қағидаттары әлсіреген жоқ, керісінше одан әрі нығая түсті. Бүгін Мәжілістің кезекті отырысында халық қалаулылары жаңартылған Ата заңды талқылап, өз пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазақтың жері ешкімге сатылмайды». Бүгін Мәжіліс отырысында халық қалаулылары жаңа Конституция жобасына қатысты қоғамда кеңінен тараған алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойды. Соңғы күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан «жаңа Конституция шетелдіктерге жер сатуға жол ашады» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Депутаттардың айтуынша, Ата заңның жаңа жобасында жерді сатуға рұқсат беретін бірде-бір норма жоқ. Тіпті қолданыстағы тыйымдарды алып тастайтын немесе әлсірететін ережелер де қарастырылмаған. Сондықтан мәжілісмендер мұны ашық түрде фейк деп атады. Отырыс барысында сөз алған депутат Бақытжан Базарбек жалған ақпарат таратып жүргендер екі топқа бөлінеді деп атап өтті. Сөзінше, бірі құқықтық сауаты жоқ азаматтар болса, екіншісі қоғамды әдейі шатастырып, манипуляция жасап отырғандар.
«Нақты дәлел жоқ кезде – қауесет таратылады». Бүгін дәл осындай жағдайды көріп отырмыз. Адамдарды Конституция мәтінінде жоқ нәрселермен қорқытып отыр. Бұл кімге тиімді? Мен тиісті органдар мұндай ақпараттық шабуылдардың шығу тегі мен мақсатын бақылайды деп сенемін. Енді маңызды жайтқа тоқталайын, оны фейк жасаушылар «ұмытып кетеді». Шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін беру тыйымы Жер кодексімен, нақты айтсақ, оның 24-бабымен реттеледі. Жаңа Конституция жобасы бұл тыйымды жоққа шығармайды, әлсіретпейді және қайта қарамайды», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.
Депутат Ерболат Саурықов та қоғамда туындаған алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін атап өтті. Сөзінше, Конституциялық реформа аясында мемлекеттің іргелі қағидаттары әлсіреген жоқ, керісінше, олар одан сайын нығайтылды. Мәжілісменнің айтуынша, елдің тұтастығы мен унитарлығына қатысты ережелер Конституцияның ең бастапқы бөлімдерінде айқын көрініс тауып, оларға ерекше құқықтық мән беріліп отыр. Бұл – мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен егемендігіне деген берік ұстанымның белгісі.
«Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның бүкіл аумағы бөлінбейтін, қол сұғылмайтын және мемлекет қорғауындағы біртұтас кеңістік екенін нақтылайды. Мемлекеттің тәуелсіздігі, унитарлығы мен аймақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде айқын бекітілген. Осылайша, жерді шетелдіктерге сатуға мораторий мен тікелей заңнамалық тыйым салу қолданылады, ал жаңа Конституция жобасы бұрыннан бар тәртіпті бекіте түседі», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов.
Халық қалаулылары қоғамда туындаған күмән мен алаңдаушылықты сейілту үшін Конституциялық реформаның мәні мен мазмұнын ашық түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беретінін хабарлады. Сонымен қатар олар жалған ақпарат таратқандарға заң жүзінде қатаң жауапкершілік қарастырылатынын ескертті.
«Егер адам құжатты оқымай, оған жалған сипаттар қосса, бұл – фейк. Мұндай әрекет үшін заң бойынша айыппұл немесе қамау сияқты жазалар бар. Заң бар болса, оны қолдану керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Қазірдің өзінде Конституция жобасында шетелдіктерге жер сатуға рұқсат беріледі деп жалған ақпарат таратқаны үшін Алматы қаласының тұрғыны жазаланды. Сот оны кінәлі деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Жауаптылар азаматтарды тек ресми әрі тексерілген дереккөздерге сенуге шақырып, интернет пен әлеуметтік желілерде фейк ақпарат тарату заңға қайшы екенін еске салды.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: «Ақ жол» демократиялық партиясы Конституция жобасын қолдады