Конституцияда адам құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде айқындалған

17.03.2026 17:16

Жаңа Ата заңда экологиялық қауіпсіздік конституциялық басымдық ретінде бекітілген. Құжатта азаматтардың қолайлы және қауіпсіз қоршаған ортада өмір сүруі маңызды құқықтардың бірі ретінде енгізілді. Бұл норма мемлекетке табиғатты қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану міндетін жүктейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Гүлнұр Рашованың айтуынша, Ата заңның жаңа нұсқасында экологиялық құқыққа ерекше мән берілген. Жаңа конституцияның 37-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті» деп жазылған. Оған қоса,  «Мемлекеттің адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат ететіні» көрсетілген. Яғни, экологиялық қауіпсіздік конституциялық басымдық ретінде бекітілді.

«Конституцияның преамбуласының өзінде табиғатты қорғау қажет екені айтылған. Сонымен бірге, азаматтардың қолайлы қоршаған ортаға құқығы және табиғатты аялау қажет екені Конституцияның басты бір новеллалары деп айтуымызға болады. Экологиялық ақпараттың  құқықтың сақталуы өте маңызды. Бұл мәселеде Қазақстан көптеген халықаралық құқықтық актілерге қосылған», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Гүлнұр Рашова. ¤

Жаңа Конституцияда адам құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Бұл қағидаға сәйкес, мемлекет әрбір азаматтың құқығы мен заңды мүддесін қорғауға міндетті. Ал заңгерлер мен адвокаттар осы құқықтарды іске асыруда маңызды рөл атқарады.

«Заң үстемдігінің нығаюы, адамдардың құқықтары мен бостандықтарына басымдықтар берілуі, сонымен қатар, саяси әлеуметтік қоғамның барлық жағынан адам құқығы мен бостандығына, заңды мүддесінее басымдықтың берілуі – мемлекетіміздің болашақтағы демократиялық қоғам болып нақты нығаюына, дамуына және Қазақстан халқының мемлекетке сенімін нығайтуға үлкен басты қадам деп ойлаймыз», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің профессоры Гүлдана Қуанәлиева.

Жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық ортадағы құқығы алғаш рет заңнамалық тұрғыда қорғалады. Яғни, цифрлық кеңістікте дербес деректердің қауіпсіздігі, ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау және азаматтардың құқықтық мүддесін сақтау мемлекеттің басты міндеттерінің біріне айналады.

«Жаңа Конституция – бүкіл құқықтық жүйенің негізі. Сонымен қатар, цифрландыру, яғни цифрлы трансформация өтіп жатыр. Жасанды интеллект негізінде заманауи технологияларға сәйкес, Конституциямыздың да дамуы осыған сәйкес болып тұр. Жаңа конституция негізінде заманның сұранысы, қоғамның сұранысы болып тұр», – деді заң ғылымдарының докторы Жанар Кегенбаева.

Сала мамандарының сөзінше, Жаңа Конституция азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтіп, Әділетті мемлекет құруға бағытталған.

Айдана шалқар, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы