Конституциялық комиссияның құрылуы тарихи оқиға – Ерлан Қарин

24.01.2026 14:53

Мемлекеттік кеңесші Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұрғанын айтты

t.me/consot_kz

Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық комиссия жұмысының басталуымен құттықтап, бұл бастаманың ел тарихындағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деуге болады.

"Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. Міне, осындай шешуші сәтте бізге аса маңызды миссия жүктелді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бүгін осы залға түрлі саланың кәсіби мамандары, тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтар жиналған. Бәріміздің мақсат-міндетіміз – ортақ", - деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші комиссия мүшелері жүктелген айрықша міндетті абыроймен атқарып шығатынына сенім білдіре отырып, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының атқарған ісіне тоқталды.

"Бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы. Сондықтан, алдымен осы Жұмыс тобының жалпы қызметі мен оның аясында атқарылған шаралар туралы баяндап беруге рұқсат етіңіздер.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерді. Мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдады. Қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген.

Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Парламенттегі саяси партия фракцияларының жетекшілері, белгілі заңгер-ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, Ұлттық Құрылтай мүшелері енді.

14 қазан күні Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Президент арнайы қатысты. Сол отырыста Жұмыс тобының мүшелері ауқымды өзгерістер Конституцияның бірнеше бөлімін қамтитынына назар аударды", - деп атап өтті Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, мұндай ауқымды түзетулер кезінде азаматтардың да пікірі ескерілуге тиіс. Сол себепті 14 қазанда азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Парламентаризм институты келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеумен айналысты. Сонымен қатар бұл іске Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Стратегиялық зерттеулер институты тартылды. Бұл құрылымдар парламентаризмге қатысты халықаралық тәжрибені бір ай бойы мұқият зерделеді. Осылайша, Жұмыс тобының мүшелеріне барлық ақпарат пен талдау нәтижелері ұсынылды

"Қазан айынан бері парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар түгел жинақталды. Соның ішінде Жұмыс тобының мүшелеріне алдағы реформаға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін әзірлеуге бір ай уақыт берілді. Жұмыс тобының мүшелерімен қатар, Amanat, Ауыл, Respublica, Ақ жол, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің ой-пікірін дайындап, жолдады. Сондай-ақ «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттар қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады", - деді Ерлан Қарин.

Оқи отырыңыз: Конституциялық реформа қоғамның барлық саласында кең талқылауға ие болды - Эльвира Азимова