Конституциялық сот сайлауды реттейтін нормаларды қараудан бас тартты

23.12.2025 11:17

Бұл туралы Конституциялық Соттың баспасөз қызметі мәлім етті

Конституциялық Сот

Конституциялық Сотқа азаматтың «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-1-бабы 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларының және 39-бабы 2-тармағының, сондай-ақ Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 84-бабы бірінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініші келіп түсті. Бұл туралы Конституциялық Соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Өтініш беруші сайлау күні дауыс беру барысын бақылағанын, алайда бұзушылық туралы акт негізінде учаскелік сайлау комиссиясы тарапынан шеттетілгенін хабарлады. Ол комиссияның әрекеттеріне сот тәртібімен шағымданған, алайда соттар оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан. Өтініш берушінің пікірінше, заңнама нормалары соттарға комиссияның шешімін жоймауға мүмкіндік берген, бұл оның ойынша, конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соққан", — делінген хабарламада. 

Конституциялық Сот өтінішті қарау барысында «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық заңға сәйкес азаматтың өтініші тек дауланып отырған заң сотта қолданылған немесе нақты іс бойынша өтініш берушінің құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер еткен жағдайда ғана қаралуға жататынын түсіндірді. Сондай-ақ Конституциялық Соттың тек құқық мәселелерін қарайтыны және нақты мән-жайларды бағалаумен айналыспайтыны атап өтілді.

"Конституциялық Сот учаскелік сайлау комиссиясы сайлау комиссияларының бірыңғай жүйесіне кіретін, сайлау туралы заңнаманың бұзылуы анықталған жағдайда шешім қабылдау өкілеттігі бар мемлекеттік орган екенін көрсетті. Сайлау комиссиясының шешімі нормативтік құқықтық акт болып табылмайды. Аталған істі қарау кезінде сот өтініш беруші даулап отырған заң нормаларын мәні бойынша қолданбай, комиссияның тиісті актіні қабылдауға негіз болған нақты әрекеттерін бағалаған", — деп нақтылады Соттан.

Осыны ескере отырып және Конституциялық заңның 48-бабы 3-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Сот бұл өтініштің өз құзыретіне жатпайтыны туралы қорытындыға келді және оны өзінің құзыреті шеңберінде қарауға негіздердің жоқ екенін растады.

Оқи отырыңыз: 17 мыңнан астам әлеуметтік төлем автоматты түрде тағайындалды