Конституциямыз ел тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде жазылып жатыр — Ерлан Қарин

05.02.2026 17:36

Мемлекеттік кеңесші қоғаммен кері байланыс орнатып, туындап отырған сұрақтарға әрдайым жауап беріліп жатқанын атап өтті

t.me/consot_kz

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның мәтіні аударма еместігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

— Жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы — бұл аударма емес. Қолдарыңыздағы қазіргі жоба — о бастан мемлекеттік тілдің мүддесі тұрғысынан жазылған жоба. Екі ұшты мәселелер туындаған кезде әуелі қазақ тіліндегі нұсқа назарға алынып отыр, — деді ол Конституциялық комиссияның бүгінгі отырысында.

Ол мұны қазақ тілінің заң тілінен айналу деп бағалады.

— Яғни, ел тарихында тұңғыш рет Конституциямыз басынан аяғына дейін құқықтанушылар мен тіл мамандарының бірлесіп жұмыс істеуімен мемлекеттік тілде әзірленіп жатыр. Бұл — қазақ тілінің заң тіліне айналғанын, аясы кеңейіп, өркендегенін көрсетеді, — деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша. Жаңа Конституцияның қажеттілігін, маңыздылығын көпшілік дұрыс қабылдап жатыр. 

— Әр отырыста Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде сіздермен қатар ортаға шығып, реформаға қатысты сөз сөйлеп жүрмін. Себебі, бірлесіп бастаған жұмысты соңына дейін жеткізіп, Конституцияның жаңашылдықтарын, негізгі ұстанымдарын жан-жақты түсіндіруіміз қажет. Сіздермен қатар маған да азаматтардан реформаға қатысты түрлі хаттар, пікірлер келіп түсіп жатады. Негізінен, жаңа Конституцияның қажеттілігін, маңыздылығын көпшілік дұрыс қабылдап жатыр. Ол, әрине, қуантады. Сондықтан оң пікір білдіріп, қолдау көрсеткен барша азаматқа Конституциялық комиссия атынан алғыс айтамын. Әрине, басқадай пікір айтушылар да бар. Мысалы, арасында «Жаңа Конституцияны қабылдаудың қандай қажеті бар еді?» немесе «Ескі Ата Заң қала берсін!» деген пікірлер де кездесіп қалады, — деді Ерлан Қарин.

Осы орайда ол әр отырыста қоғаммен кері байланыс орнатып, туындап отырған сұрақтарға әрдайым жауап беріліп жатқанын атап өтті.

— Осындай ұстанымды қалыптастырғаннан кейін, бүгін де бірқатар пікірге жалпы жауап берейін деп едім. Алдымен, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституциядан бір үзінді оқып берейін. Мысалы, қазіргі Ата Заңның 13-бабы 1-тармағында былай деп жазылған: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы». Осыдан не түсінуге болады? Оқыған адам да, тыңдаған адам да ештеңе түсінбейді. Бірнеше рет қайталап оқысаңыз да, түсініксіз.

Мен қазіргі ескі Конституциядан бір ғана мысал келтіріп отырмын. 

Ал мұндай түсініксіз сөйлемдерді, ұғынықсыз сөздерді көптеген бап пен тармақтардан кездестіруге болады. Асыра айтқандық емес, бірақ 1995 жылы қабылданған қолданыстағы ескі Конституция мен жаңа Ата Заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама. Жаңа Конституцияны, ондағы жаңа мәтінді жас та, үлкен де түсініп, қабылдай алатын болады. Ең бастысы — осы, — деді Мемлекеттік кеңесші. 

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция: Бас прокуратура 18-бапты нақтылауды ұсынды