Конституциялық сотқа азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш түскен

27.08.2025 20:05

Екі жылда қаралған істердің нәтижесінде Конституциялық сот 400-ден астам қаулы шығарған

Конституциялық сот құрылғалы азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш түскен. Осы уақытқа дейін 400-ден көп қаулы қабылданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрылғанына екі жыл болған Конституциялық сотқа кез келген азамат тікелей жүгіне алады. 2023 жылы мемлекеттік органға 5 мыңнан астам өтініш түссе, былтыр 4 мыңға жуық азамат жүгінген. Екі жылда көрсеткіш 11 мыңнан асқан. Десе де, өтінімдердің 75 пайызы Конституциялық сот туралы Конституциялық заңда көрсетілген талаптарға сәйкес келмейді.

«Көбінесе жалпы юридикциялық соттардың шешімін қайта қарауды сұрайды. Өтінішті тиісті мәніне, мазмұнына сәйкестендіріп жазбайды. Бірақ міндетті түрде Конституциялық сот аппаратының өтінішті қайтару себебі жазылады», – деді ҚР Конституциялық сотының талдаушысы Назгүл Тұяқбаева.

Бұл ғимаратта түрлі тағдырлардың конституциялық құқықтары қорғалады. 11 судья 8 жылға тағайындалады. Төртеуін Президент тағайындаса, үшеуін Сенат, тағы үшеуін мәжіліс ұсынады. Ал тағы бір судьяны Конституциялық соттың төрағасының ұсынуымен Мемлекет басшысы тағайындайды.

Екі жылда қаралған істердің нәтижесінде Конституциялық сот 400-ден астам қаулы шығарыпты. Оның ішінде 73 шешім заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру қорытындысы бойынша қабылданған. Конституциялық сот жалпы сот жүйесіне, бірде бір билік тармағына кірмейді. Ол өзі дербес, тәуелсіз орган болып табылады.

«Ең бірінші Конституциялық соттың міндеті – Қазақстан Республикасына жұмыс істеп, қабылданған әрбір заң нормативтік-құқық акт болсын, Конституцияға сәйкес келуі керек. Яғни, Конституция нормаларын бұлжытпай орындау керек. Сол себепті бұл өте маңызды орган болып табылады», – деді ҚР Конституциялық сотының талдаушысы Назгүл Тұяқбаева.

Азаматтар Конституциялық сотқа өтінішін «е-өтініш» электронды жүйесі арқылы, сондай-ақ жазбаша жолдай алады. Конституциялық сот өтінішті 15 күн ішінде қарауға міндетті.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда Конституция күнінде қандай іс-шаралар өтеді