Көпқабатты үйге кіріп жатыр: Шымкентте жылан көбейді

11.06.2026 15:00

Мамандар осы уақыт аралығында 90-ға жуық жылан ұстаған

Шымкентте жыланнан қауіп күшейіп барады. Небәрі екі айдың ішінде құтқарушыларға бауырымен жорғалаушыларға қатысты 130-дан астам шақырту түскен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Мамандар осы уақыт аралығында 90-ға жуық жылан ұстаған. Ал былтыр жыл бойы 200-ге жуық шақырту түскен. Жауаптылар жыландар көбіне жер үйлердің аумағында кездесетінін айтты. Бірақ саябақтар мен тоғайларды мекендейтін суыққандылар бұталар арқылы көпқабатты үйлерге де кіріп кетеді.  

«Жылан тышқан бар үйлерде, шымшықтар балапандайтын жерлерде көп жүреді. Өйткені жылан солармен қоректенеді. Шымкент қаласында улысы да, улы еместері де бар. Оны құтқарушылар келгенше бақылап отыру керек», – деді ТЖД бөлім басшысы Ербол Оспанов.

Әзірге қалада жылан шағу дерегі тіркелмеген. Шымкентте сарышаяндар да көбейіп, 80 адамды шағып алған. Сондықтан мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Таразда такси жүргізушісінен марихуана тәркіленді