Жыл сайын 14 наурызда аталып өтетін Көрісу күні көктемгі жаңарудың басталғанын білдіреді
Көрісу күніне орай Алматы мен Ақтөбенің Өңірлік коммуникациялар қызметі оңтүстік пен батыстың басын қосқан онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бейнеқоңырау форматында екі өңірлік алаңның қызметкерлері осынау ұлтты ұйыстыратын күннің қарсаңында бір-бірін құттықтап, бір-біріне тілек айтты. Әріптестер жылы лебіз білдіріп, Көрісу күні қазір осы заманғы технологиялардың арқасында жаңаша сипатқа ие болып отырғанын атап өтті.
Аралары алыстау болғанымен, кездесу барынша ыстық ықыласпен өтті.
ӨКҚ өкілдері бұл күн халықты жақындастырып, көптен бері көрмеген адамдардың осы күні бірін-бірі көріп, мәре-сәре болып қалатынын айтады. Дәл осы күні әріптестердің арасындағы кәсіби қатынас та күшейе түседі.
Жыл сайын 14 наурызда атап өтетін Көрісу күні көктемгі жаңарудың басталғанын білдіріп, Наурыз мейрамымен қабаттасып келеді. Бұл күні бәрі бір-бірімен кездесіп, құттықтап, аман-есін көріскеніне шүкіршілік айтысады.
Алматы мен Ақтөбе ӨКҚ арасындағы онлайн-кездесу қазіргі заманғы технологиялардың адамдардың арасындағы байланысты, әріптестікті нығайтуға қалай ықпал етіп жатқанына мысал бола алады.
Оқи отырыңыз: Көктөбедегі Көрісу күні: алматылықтарды дыбыстық дрондар мен роботтар құттықтады