Көрнекті публицист Бигелді Ғабдуллин 70 жасқа толды

18.08.2025 21:32

Мәдениет басқармасының басшысы қала әкімінің құттықтау хатын оқыды

Көрнекті публицист, жазушы, сыншы және аудармашы Бигелді Ғабдуллин 70 жасқа толды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мерейлі датаға орай қаламгер Алматы шаһарында, өзі білім нәрімен сусындаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығармашылық кешін өткізді. Бар ғұмырын әдебиетке арнап, заманауи қазақ журналистикасын қалыптастыру жолында зор еңбек сіңірген қоғам қайраткерімен жүздесуге келгендердің қарасы көп болды. Қатарында Жазушылар Одағының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, әкімдік қызметкерлері, оқу орнының ұстаздары мен білімгерлері бар. Жиылған қауым Бигелді Ғабдуллиннің өнегелі өмірі мен ерен еңбегі жайлы сөз қозғап, игі тілегін білдірді.

Ал Мәдениет басқармасының басшысы қала әкімінің құттықтау хатын оқыды. Онда Дархан Сатыбалды қайраткердің мұрасы – қазақ әдебиетінің қазынасы екенін айтып, жазушыға ұзақ ғұмыр, ісіне береке тілеген.

«70 жас – бір белес» дейді қазақ. Өмірімді жылдармен санамаймын! Не істедің, қандай еңбек жасадың, сонымен бағалы. Сондықтан 70 жасыма байыппен қараймын. Ел үшін әлі жазатын дүниелерім, айтатын сөздерім, істейтін жұмыстарым бар», – деді жазушы, қоғам қайраткері Бигелді Ғабдуллин.

Оқи отырыңыз: Алматыда IV Халықаралық жастар фестивалі басталды