Үкімет экологиялық мәдениетті күшейтуге кірісті
Елімізде қоршаған ортаны ластап, қоқыс тастайтындарға жаза қатаңдатылуы тиіс. Премьер-министр Олжас Бектенов Экология және Ішкі істер министрліктеріне осындай тапсырма жүктеді. Сондай-ақ халыққа кең ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу қажеттігін баса айтты. Бүгін Үкіметке келген министрлер Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасына қатысты есеп берген еді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Елімізде экологиялық проблемалар бойынша Шымкент қаласы мен Ақмола және Ұлытау облыстарының халқы жиі шағымданады екен. Мұндай ақпаратты Үкімет басшысына министр Ерлан Нысанбаев айтты. Тұрғындар көбіне қоқыстың уақытылы шығарылмайтынына, көшелердің абаттандырылмайтынына және тротуарлардың жөнделмейтініне наразылық білдіреді екен. Биыл осындай 11 мыңнан астам өтінім түсіпті. Оның 10 мыңы қаралып, шешімін тапқан.
«Өтінімдерді қараудан негізсіз бас тарту деректерін жеке атап өту қажет. Мысалы, Алматы қаласы бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері туралы 7 өтініш әкімдік тарапынан Полиция басқармасына жолданған. Алайда бұл — әкімдіктердің тікелей міндеті, әрі олардың өкілеттігі шеңберінде шешілуі тиіс», - деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Нысанбаевтың есебі бойынша биыл «Таза Қазақстан» бастамасы аясында елімізде 573 іс-шара өткен. Нәтижесінде 189 мың тонна қоқыс жиналып, 735 мың гектар аумақ тазартылыпты. Бұдан бөлек, 2 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Экологиялық акцияға жалпы саны екі миллионға жуық адам қатысқан екен. Оның 156 мыңы - еріктілер. Ауқымды акцияға оқушылар да үлес қосыпты. Министр Ғани Бейсембаев 185 мыңнан астам түлектің көшет отырғызғанын жеткізді.
«Бұл жұмыстар «Балалар таза Қазақстан үшін» қағидатымен іске асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – білім алушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жас өрендерді тазалыққа тәрбиелеу. Қазіргі таңда 77 мектепке дейінгі білім беру ұйымы «жасыл балабақша» бағытымен жұмыс істеп жатыр. Өткен оқу жылында мектептерде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» құрылып, 125 мыңнан астам оқушыны қамтыды», - деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
«Экологиялық мәдениет қазіргі Қазақстан қоғамының күнделікті өмір салтына айналуы қажет». Министрлердің баяндамасын мұқият тыңдаған Олжас Бектенов осылай деді. Отырыс соңында Үкімет басшысы министрлерге бірқатар тапсырма жүктеді. Мәселен, Аида Балаева халықтың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс.
«Мәдениет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде халық арасында экологиялық және рухани мәдениетті тәрбиелеу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлесін. Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша экологиялық мәдениетті дамытудың «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын өзектендіру қажет болады», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа экотуризм нысандарының картасын жасауды тапсырды. Ал, ілім-білімге жауапты Ғани Бейсембаев пен Саясат Нұрбек болса, өскелең ұрпақтың бойына экологиялық мәдениетті сіңіру үшін «Адал азамат» тәрбиелік бағдарламасына өзгерістер енгізуі керек. «Тазалық тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде» деп, сөзін түйді Бектенов.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: екі күнде 8 мыңға жуық адам тегін көмек алды