Қостанай облысында белгісіз біреу үй ауласына күшікті тірідей көміп кеткен

14.06.2025 17:09

Күшіктің суреті әлеуметтік желіде тарады

Аlmaty.tv

Қостанай облысында көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан тірідей көмілген күшік табылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Күшіктің суреті әлеуметтік желіде тарады. 

Оқиға Лисаковск қаласына жақын орналасқан Октябрьское ауылында болған. Жергілікті тұрғындар балконның астынан тірідей көмілген күшікті тауып алған. Суреттен күшіктің құлағында сырғасы бар анық көрінеді, бұл күшіктің вакцина салдырғанын және арнайы реестрге тіркелгенін білдіреді.

Жергілікті ерікті Ольга Соловьеваның айтуынша, ауылдағы бағдарлама сәтті жүзеге асқан. Алайда, иттерді қайта әкеліп, босатқан кезде, ауылдың бір тұрғыны наразылық білдірген.

"Ол иттер бақшасын таптап кетеді деп шағымданған. Әкімдікке де барған. Кейінірек сол әйел тұратын үйдің балконының астынан күшік табылды. Бұл кездейсоқтық емес секілді", – дейді Соловьева.

Куәгерлердің айтуынша, жануарды жер астынан шығарып алған. Күшік қашып кеткенімен, шоктан көру қабілетінен айырылған болуы мүмкін. Қазір күшікті еріктілер іздестіріп жатыр.

Қостанай облысының полиция департаменті ресми шағым әлі түспегенін хабарлады. Дегенмен тараған ақпарат бойынша тексеріс басталған.

"Қызметкерлер оқиғаға қатысы бар тұлғаның жеке басын анықтау үшін куәгерлерді іздестіруде. Әлі анықталмаған адамның іс-әрекетінде “Жануарларға қатыгездік жасау” бабына сәйкес құқықбұзушылық белгілері бар", – делінген хабарламада.  

Егер бұл әрекетті балалар жасағаны анықталса, жауапкершілікке олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері тартылады. 

Оқи отырыңыз: Елордада автобус аялдамасын талқандаған ер адам ұсталды