Қостанайда кейуана үйімен бірге өртеніп кете жаздады

11.07.2025 08:50

Өрт сөндірушілер үш сатылы баспалдақ арқылы терезеден пәтерге кіріп, 1938 жылы туған қарт әйелді құтқарып, оны далаға қауіпсіз жерге эвакуациялады

стоп кадр

Қостанай қаласының Чехов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйден қатты түтін шығып жатқаны туралы «112» қызметіне хабарлама түсті. Оқиға орнына бірден Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) өрт сөндіру бөлімшелері жөнелтілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

ТЖМ қызметкерлері екінші қабаттағы пәтерлердің бірінен плитада тамақтың жанып кеткенін анықтады. Бұл жағдай пәтер ішінде қалың түтіннің пайда болуына себеп болып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді.

Өрт сөндірушілер үш сатылы баспалдақ арқылы терезеден пәтерге кіріп, 1938 жылы туған қарт әйелді құтқарып, оны далаға қауіпсіз жерге эвакуациялады. Оқиға орнында Апаттар медицинасы орталығының мамандары әжені тексеріп шықты. Абырой болғанда, медициналық көмек қажет болмады.

Плитада тамақ дайындағанда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет!

Төтенше жағдайлар министрлігі еске салады:

  • Плитаны ешқашан қараусыз қалдырмаңыз;
  • Тамақ дайындау процесін тұрақты бақылауда ұстаңыз;
  • Пәтерлерге дербес өрт хабарламаларын (датчик) орнатыңыз.

Оқи отырыңыз: СҚО-да әйелін балағаттаған ер адам қамауға алынды