Қостанайда Міржақып Дулатұлына алғашқы ескерткіш орнатылды

20.09.2025 17:41

Іс-шара барысында қонақтар қазақ қаламгерінің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, оның мәдениетке қосқан үлесін атап өтті

Видеодан кадр

Қостанайда қазақтың ұлы ағартушысы, ақын әрі жазушысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, қала әкімі Марат Жүндібаев, сондай-ақ Астанадан арнайы келген делегация және жергілікті мәдениет қайраткерлері қатысты.

Монумент Қостанай облыстық әкімдігі мен мәдениет басқармасы ғимараттарының арасындағы саябақта орнатылды. Ашылу рәсімі таңғы уақытта өтті. Ескерткіштің бетіндегі ақ жамылғы алынып, домбырашылар күмбірлетіп күй тартты. Әскери қызметкерлер гүл себеттерін қойды.

Міржақып Дулатұлы – халқы үшін жан аямай қызмет еткен ақын, жазушы. Оның еңбектері әлі күнге дейін өзекті. Шығармаларын бүгінгі ұрпақ оқып, зерттеп келеді, – деп атап өтті аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Шара барысында қонақтар қазақ қаламгерінің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, оның мәдениетке қосқан үлесін атап өтті.

Мәдениет басқармасының хабарлауынша, ескерткіш тұрғызу бастамасын алғаш болып Қостанай облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссия ұсынған. Кейін бұл идеяны ҚР Мәдениет министрлігі қолдап, бүкіл республика бойынша шығармашылық байқау жарияланды. Нәтижесінде үш үздік жоба таңдалып, олардың ішінен біреуіне басымдық берілді. Ескерткішті дайындауға бірнеше ай кеткен.

Алдымен оны Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне қарсы беттегі орталық саябаққа қою ұсынылған. Бірақ соңғы шешім бойынша, жазушының есімі берілген көше бойынан бөлек саябақ таңдалып, арнайы абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тас төселіп, сәндік қоршаулар орнатылды, ағаштар отырғызылды, тас бақшасы жасалды, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды.

Жұмыстарды жергілікті «Сотрудничество-2» ЖШС атқарды. Жаңа саябақ қала тұрғындарының сүйікті орындарының біріне айналуы күтіледі, себебі ол қаланың қақ ортасында орналасқан.

Міржақып Дулатұлы – қазақтың ақыны, жазушысы, драматургы, қоғам қайраткері. Ол 1885 жылы 25 қарашада Торғай уезінде (қазіргі Қостанай облысы) дүниеге келген. 1901 жылы Ахмет Байтұрсынұлы дәріс берген қазақ-орыс училищесін аяқтаған. Кейін олар әдебиет пен қоғамдық қызметте серіктес болып, «Алаш Орда» қозғалысының жетекшілерінің бірі атанды.

1909 жылы Дулатұлының алғашқы өлеңдер жинағы – «Оян, қазақ!» жарық көрді. Алғашқы тиражы тәркіленсе де, 1911 жылы қайта басылып шықты. Ол әйел теңсіздігі тақырыбын да көп көтерген. Жазушының «Бақытсыз Жамал» шығармасы қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман саналады. Сондай-ақ «Балалық шақ» сияқты еңбектері де кеңінен танымал.

Қостанайда бүгінде Дулатұлының есімімен көше және институт аталады. Ал бүгін ашылған ескерткіш – облыс орталығындағы алғашқысы. Айта кетерлігі, ескерткіш толығымен демеушілер қаржысына тұрғызылды, мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсалған жоқ.

Оқи отырыңыз: Жаңа медициналық мүмкіндіктер: Алматыдағы ауруханада орталықтар ашылды