Қостанайда мысық тістеп алған әйел көз жұмды

18.06.2025 16:50

Оқиғадан кейін жануар жоғалып кеткен

Michael Sum/unsplash.com/

Қостанай облысының Лисаков қалалық ауруханасына 2025 жылдың мамыр айында жатқызылған Камысты ауданының тұрғыны құтырманың клиникалық белгілерімен көз жұмды. Бұл – Қостанай облысында 2020 жылдан бері адам өліміне әкелген алғашқы құтырма оқиғасы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Қостанай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Баймұхаметовтың айтуынша, эпидемиологиялық тексеру барысында зардап шегушіні үй мысығы тістегені анықталған. Оқиғадан кейін жануар жоғалып кеткен.

«Ол медициналық көмекке уақытылы жүгінбеген, профилактикалық вакцина алмаған. Құтырманың клиникалық белгілері пайда болған кезде ғана дәрігерге жүгінген, ол уақытта тым кеш болды», – деп түсіндірді ведомство.

Құтырма – жүйке жүйесіне зақым келтіретін, инфекция жұққаннан кейін әрдайым өліммен аяқталатын қауіпті вирус. Ол адамды жануар тістегенде немесе сілекей арқылы жараға тигенде жұғады. Аурудың инкубациялық кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға, кейде жылға дейін созылуы мүмкін, бұл оның негізгі қауіп-қатерінің бірі.

«Лисаков қаласында көз жұмған әйелдің жағдайында вирус ағзаға бірнеше ай бойы білінбей әсер еткен», – делінген департамент хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Алакөлге жазда 240 мың жолаушы теміржол көлігімен тасымалданады