Қостанайда науқастан оңбай таяқ жеген хирург палатаға ауыстырылды

21.07.2025 16:58

Қостанайда науқастан оңбай таяқ жеген дәрігердің беті бері қарады. Хирург қазір Астанадағы шұғыл медициналық орталықта жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жағдайы жақсарып, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылыпты. Бұған дейін Антон Кистановтың ахуалын білу үшін аталған орталыққа денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да барған еді.

«Науқастың жағдайын орташа деп бағалауға болады. Қан қысымы 120 мен110/70 аралығында, пульс 75-84, қызуы жоқ. Бас ауруына шағымы бар. Әлсіздік және бас айналуы байқалады. Неврологиялық ауыр симптомдары жоқ», – деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы медицина жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Батыр Айтмолдин.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Қостанайдағы облыстық ауруханада дәрігерге науқас шабуыл жасаған. Салдарынан, хирург ауыр бас ми жарақатын алып, әуе авиациясымен шұғыл Астанаға жеткізілген. Ал ақ халаттыны тепкінің астына алған азамат ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Бұған дейін бірнеше рет істі болған күдікті енді 8 жылға дейін сотталуы мүмкін.

 «Ер азамат уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Тергеу барысында заңға сай процессуалдық шешімдер қабылданады. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша, яғни қасақана денсаулыққа зиян келтіру бабымын тергеліп жатыр», – деді Қостанай облысы ПД тергеу басқармасының басшысы Нұрлан Арыстанов.

Оқи отырыңыз: Қостанайда ер адам аяусыз соққан хирург санавиациямен елордаға жеткізілді