Қостанайда зиянкес көбелектер қаптады

Зиянкес көбелектер тек саяжайларға ғана емес, тұтас орманға да залал келтіруі мүмкін

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайда зиянкес көбелектер қаптап, бау-бақшаға қауіп төндіріп тұр. Саяжай тұрғындары келер жылдың өнімінен де айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Яна Белоконь есімді қала тұрғыны бос уақытын саяжайда өткізеді. Үш күн бұрын ол бақшасында ұшып жүрген қаптаған көбелекті байқаған. Бірнеше жыл бұрын дәл осы қанатты жәндіктің жұлдызқұрттары ағаштардың жапырақтарын түк қалдырмай жеп кеткен.

«Олар үймелеп ұшады. Қорқыныштысы келесі жылы не болары белгісіз? Бұл көбелектерден жұлдызқұрт шығады, олар алма, алмұрт ағаштардың бәрін жеп қояды. Бір жылы, тіпті терекке де тиген. Сол кезде не істерімізді білмей қалғанбыз», – деді саяжай иесі Яна Белоконь.

Биыл көктем ерте шығып, күн жылдағыдан тез жылынды. Соның салдарынан зиянкес жәндіктер ерте оянды. Зоологтар көбелектердің жылдам көбеюі табиғи циклдің бір бөлігі екенін еске салды. Қанатты жәндіктің өзі ағашқа қатты зиян келтірмейді,  бірақ келер жылы шығатын жұлдызқұрттары жеміс ағаштары түгіл орман алқабын бүлдіруі  мүмкін.Мамандардың айтуынша, көбелектердің бұл түрі өте жылдам көбейеді, әрқайсысы жүзден астам жұмыртқа салады.

«Бұл көбелек — дербес жұп. Яғни, бәрін жейтін жәндік. Өзі емес, оның дернәсілі, жұлдызқұрты зиянды. Ол 300-ге жуық өсімдік түрімен қоректене алады. Жай ғана саябақ емес, орманға дейін құртып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселе тек бағбандарды ғана емес, мамандарды да алаңдатуы тиіс», – деді зоолог Андрей Андрющенко.

Ғалымдардың айтуынша, көбелектердің бұл түрі шілденің ортасы мен соңында көбейеді. Алайда биыл көктем жылы болғандықтан, зиянкестер әдеттегіден ерте шыққан. Еркек көбелектер қарақоңыр, шағын келеді, бей-берекет ұшады. Ал ұрғашылары ашық түсті, көзге көп түсе бермейді. Алайда олар қараңғыда жүздеген жұмыртқа қалдырып кетеді. Зиянкес көбелектер тек саяжайларға ғана емес, тұтас орманға да залал келтіруі мүмкін. Қостанай облысында қанатты жәндік әзірге алқаптарға жетпегенімен, бау-бақшаға қауіп төндіріп тұр.

Әйкерім Пернебек, Нұргүл Тілепова, Бауыржан Ержанов, Қостанай

Оқи отырыңыз: Хлор ауа арқылы тараған: Атырауда демалуға барған 3 бала жансақтау бөліміне түсті

Новости партнеров