Сондай-ақ мәжілісмендер "Келешек" жинақтау жүйесі туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады
Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға арналған "Қазақстан халқына" қорынан енді креативті индустрияны дамытуға да ақша бөлінуі мүмкін. Аталған бағытты ілгерілетуге "Сәтті жұлдыз" лотереясынан да қаражат қарастырылмақ. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжілісмендерге осындай ұсыныс айтты. Кейбір депутат бұл шешімге наразылық білдіргендей болды. Отырыста басы даудан арылмаған "Қазақфильмнің" тағдыры да тілге тиек етілді. Енді киностудия тікелей мемлекеттен қаржыландырылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мәжіліс қабырғасына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева келіп, креативті индустрияны дамыту туралы заң жобасындағы жаңа нормаларды айтты. Ведомство басшысының сөзінше, бұл салада жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, жеке тұлғалар түрлі идея, жобаларын ұсынып жатыр. Бірақ оны қаржыландыру жағы шешілмеген екен. Сондықтан министр лотерея операторларынан және "Қазақстан халқына" қорына аударылатын табыстың 3 пайызын сол креативті индустрияға бағыттауды ұсынып отыр.
"Осы мәселені екінші оқылымға дейін талқылауға дайынбыз. Жалпы қор керек, себебі креативті индустрияны дамыту саласындағы жобаларды қолдаймыз десек, әлбетте, қаржыландыру жағын шешу керек, қорды құру қажет, ал қаржының қайдан келетінін бірге ақылдасайық", - деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Аида Балаеваға басынан дау арылмаған "Қазақфильм" киностудиясы жайлы да сұрақ қойылды. Қазір аталған мекеменің инфрақұрылымы да, ғимараттың өзінің жағдайы да мүшкіл халде. Ол жақтағы қызметкерлер қазір павильондарды жалға берумен күн көріп отыр. Енді "Қазақфильмді" мемлекет тікелей қаржыландыратын болды. Бұл мәселе Мәжілісте заңнамалық тұрғыда қаралып жатыр.
"Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің киностудияны тікелей қаржыландыруға құзыреті жоқ. Сондықтан қазір нақты шараларды қарастырып жатырмыз. Біріншіден, бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеу, яғни «Қазақфильм» киностудиясын мемлекеттік тапсырыс арқылы және жекелеген тетіктер арқылы тікелей қолдау керек. Осы орайда менеджерлік тәсілді қайта қараудамыз. Бүгінде «Қазақфильмнің» өзі де, инфрақұрылымы да өте қиын жағдайда екенін айтқым келеді. Жалпы, қаржыландыру жоқ жерде даму туралы айтудың қажеті жоқ», - деді Аида Балаева.
Бұдан бөлек, бүгін мәжілісмендер "Келешек" жинақтау жүйесі туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Баланың болашағы үшін шот ашып, жинайтын ақшаға мемлекет алғашқы жарна ретінде 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы береді екен. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін алғашқы жарна 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қарастырылған. Кейін әр жыл сайын бұл қаражатқа 5-7% аралығында үстеме ақы жүреді. Сөйтіп, 5 жастан бастап ашылған шоттағы қаржы бала 18-ге толғанда 3 миллион 600 мың теңге шамасында болады екен.
"Бұл қаражатты салымшылар бірінші кезекте білім алуға жұмсай алады. Екіншіден, салымшы мемлекеттік грант есебінен білім алатын болса, онда осы қаражатты баспана алуға жұмсауына болады. Және өзінен кейінгі бауырларының, іні-қарындастарының шотына аударып, солардың оқуын төлеуге мүмкіндігі бар", - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
Айта кетейік, мемлекет тарапынан берілетін 60 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сыйақы тек 5 жастан бастап жинақтау шотын ашқан балаларға беріледі. Оның үстіне, шотты кез келген екінші деңгейлі банктен ашып, жинаса болады. Ол кезде қаржы мекемесінің базалық мөлшерлемесі 12-13 пайызды құрайды.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, АlmatyTV, Астана
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда алмас өндірісіне инвестиция құйған мыңдаған тұрғын алданып қалды