Аталған бастама «Заң және тәртіп» қағидатын қолдауға бағытталған
Құқық қорғау органы қызметкерлері 28 панфиловшылар шыңын бағындырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған бастама «Заң және тәртіп» қағидатын қолдауға бағытталған. Іс-шараға Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қатысты. Бірлескен бастама құқық қорғау жүйесінің тұтастығы мен ортақ құндылықтарға деген адалдығын көрсетеді.
«Еліміздің желбіреген көк туын және заң және тәртіп деген жазуы бар туды таудың ең биік шыңына жеткізіп тіктік. Аталған іс-шара терең мағынаны білдіреді. Себебі екі ту мемлекет пен құқықтық тәртіптің ажырамас белгілерінің бірі болып табылады», – деді Әуезов ауданы прокуратурасының бөлім бастығы Ералы Совет.
Шеру Тұйықсу мен Мыңжылқы шатқалдары арқылы өтіп, «Альпинград» алаңы мен Мәншүк Мәметова атындағы асуға дейін жалғасты. Тоғыз адамнан құралған команда теңіз деңгейінен 4120 метр биіктікке Мемлекеттік ту мен "Заң және тәртіп" жалауын тікті. Бұл – елімізде заң үстемдігі биік тұруы тиіс деген идеяның символы.
«14 сағат жол жүрдік. Бірақ жеңіл болды деп айта алмаймын. Шыңда қар және жаңбыр жауды. Соған қарамастан, жігіттер бәріне шыдап, шыңға жетті. Қойылған мақсат орындалды», – деді ІІМ Арнайы мобилизациялық дайындық департаменті бастығының орынбасары Қайрат Евнеев.
Оқи отырыңыз: Алматыда мобильді топтардың жұмысын күшейту бағытында семинар басталды