Құлсарыда 8 жастағы қызды өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

06.06.2025 15:21

36 жастағы қала тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды

Видеодан кадр

Атырау облысында бір күн бұрын жоғалып кеткен сегіз жасар қыздың денесі табылды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Аtyrauoil.official Іnstagram-паблигінің жазуынша, 5 маусымда сағат 12:00 шамасында 2018 жылы туған кішкентай қыз үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Сағат 21:28-де қыз баланың ата-анасы полицияға хабарласқан.

«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 6 маусымға қараған түні сағат 02:19 шамасында қыз баланың денесі Құрсай су қоймасынан табылды. Өкінішке қарай, баланы құтқарып қалу мүмкін болмаған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өлімнің ресми себебі әлі анықталған жоқ», - делінген хабарламада.

Аталған қылмысқа күдікті ретінде 36 жастағы қала тұрғыны жедел ұсталып, сот санкциясымен уақытша ұстау изоляторына қамалды.  

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісті.

Полиция мұндай ауыр қылмыстар үшін ең қатаң жаза қарастырылғанын ескертеді. Іс бойынша тергеу облыстық полиция департаменті басшысының жеке бақылауына алынды.

Оқи отырыңыз: Қарағандыда балконнан секірмек болған ер адам құтқарылды