Құлсарыда бұрынғы әйелін аса қатыгездікпен өлтірген ер адамға үкім шықты

01.07.2025 14:06

Ол жәбірленуші тарапқа 15 млн теңге моральдық шығын өтеуге тиіс

Атырау облысы Құлсары қаласында бұрынғы әйелін асқан қатыгездікпен өлтірген азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Судья оған 15 жыл мерзім кескен. Кінәлі деп танылған тұлға жәбірленуші тарапқа 15 миллион теңге көлемінде моральдық шығын мен 118 мың теңгеге жуық сот шығынын өтеуге міндеттелді.

Еске сала кетейік, қанды қылмыс 28 наурызда болған еді. 33 жастағы ер адам бұрынғы әйелін жұмыс орнына іздеп барып, сол жерде бауыздап тастаған. Ал қан-жоса болған келіншекті дәрігерлер ажалдан арашалап үлгермеді. Отыз жастағы марқұмның артында кәмелетке толмаған баласы қалды.  

«Сот жаза тағайындау барысында Сейітмағанбетовтің кінәсін ішінара мойындап, шынайы өкініп отырғанынын, яғни жауаптылықпен жазаны жеңілдететін мән-жайды ескерді. Ал жауаптылық пен жазаңызды ауырлататын мән-жай анықталмады. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігін санкциясында 15-20 жыл не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда сот барлық мән-жайды ескере отырып, 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - деді судья Марал Наурызхан.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Индустриялық аймақты кеңейтіп, жобалар тиімділігін арттыруды тапсырды