Түйе арнайы оқшауланған алаңға қамалған
Атырау облысы Құлсары қаласында 10 жастағы ұл баланы түйе таптап кетті. Салдарынан жеткіншектің басы мен өкпесі қатты зақымданған. Қазір ол дәрігер бақылауында, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оқиға орталық көшелердің бірінде түскі уақытта болған. Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбада тұсаулы жүрген түйе үркіп, жол бойымен келе жатқан балаға тап беріпті. Осы сәтте көшедегі көлік жүргізушісінің бірі сигнал беріп үлгерген. Қос өркешті жануар үркіп, әрі қарай қашып кеткенге ұқсайды.
Кейіннен ойсылқараның сырғасынан Маңғыстау облысында тіркеліп тұрғаны анықталды. Полиция қазір жануар иесін іздеп жатыр.
«Түйе қазір арнайы орынға қойылды. Ол біздің қадағалауымызда он төрт күнге дейін болады. Алдымен құтыру ауруы бар ма, соны анықтаймыз. Кешелі бері мінезінде болған барлық өзгеше жағдайды қарап, қағазға түсіріп отырмыз», - деді Жылыой аудандық ветеринария стансасы басшысының орынбасары Бақтыбай Нұржанов.
Оқи отырыңыз: Парламент жасанды интеллект туралы заң қабылдады