5 азамат аудандық ауруханада жатыр
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов және ТЖД өкілдері Құлсарыдағы жанар-жағармай құю бекетінде болған өрттен зардап шеккендердің жағдайын білді, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызыл жалынның салдарынан жалпы саны 16 адам зардап шекті. 31 мамырдағы жағдай бойынша 5 азамат аудандық ауруханада жатыр. Алты адам амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді. Сонымен қатар үш науқас облыстық ауруханаға ауыстырылды.
«Ауруханадағы медициналық көмек көрсетіліп жатқан пациенттердің жасы —25-75 аралығында. Олардың күйік шалу көрсеткіші 5-22 пайыз арасында. Пациенттердің жағдайы —тұрақты. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ»,- деді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асулан Абдрахманов.
Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен 30 мамыр күні Атырау қаласынан Құлсарыға 4 дәрігер жіберілді.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің болжамынша, жарылыс газ таситын жүк көлігінен резервуарға автогаз құйылып жатқан уақытта болған. Салдарынан екі ғимарат өртенді. Қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыды.
«Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау мақсатында департаменттен үш, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен тағы үш маман оқиға болған жерде жұмыс істеуде», - деді Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов.
Тілсіз жауды ауыздықтауға 81 адам, 17 техника жұмылдырылды. Сағат 21:47 -де өрт толығымен сөндірілді.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және жергілікті атқарушы орган өкілдері өрт салдарынан қайтыс болған 2 азаматтың үйіне барып, туған-туыстарына көңіл айтты.Жылыой әкімдігі тарапынан аталған жанұяға қажетті көмек көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: Құлсарыда жанармай бекетінде жарылыс болып, екі адам қаза тапты