Құрылыс кодексінің жобасында біз бекіткен норма неге жоқ - Аймағамбетов нені меңзеді

Ерсайын Нағаспаев елдегі құрылыс нысандарының «жеке сәйкестендіру нөмірі» болатынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдегі құрылыс нысандарының «жеке сәйкестендіру нөмірі» болады. Бұл туралы Мәжілісте Құрылыс кодексінің жобасын таныстырған жауапты ведомство басшысы Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтуынша, бірегей нөмір нысанға мемлекеттік қала құрылысы кадастрында жобалау кезеңінде беріледі. Бұл жаңашылдық уақыт өте келе ғимараттың бастапқы жобасы қандай болғанын, қандай материалдар мен тәсілдер қолданылғанын цифрлық форматта көруге мүмкіндік береді. Яғни, барлық құжаттар жүйеде сақталады.

Былтыр Мемлекет басшысы қолданыстағы Құрылыс кодексін сынға алған еді. Ол құжат жобасы қойылған талапқа сай келмейтінін, саланы жемқорлық жайлағанын айтып, Қала құрылысы туралы кодекс әзірлеуді тапсырған. Үкімет уақыт оздырмай іске кіріскен. Өйткені, саладағы көптеген ережелер мен нормалар кеңестік дәуірден қалған. Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін қолданып келген заңнама 25 жыл ішінде 130 рет өзгеріпті. Ендігісіне тағы өзгерістер енгізілген. Мәселен, бұдан былай құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды жобалау мен салуға рұқсат берілмейді. Сондай-ақ сейсмикалық қауіпсіздікке қатысты жеке тарау енгізіледі. Саладағы көптеген ереже мен норманы заман талабына сай бейімдеу үшін Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Құрылыстағы барлық процесті цифрландыру үшін Бірыңғай ақпараттық жүйе әзірленеді.

«Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара біріккен лицензиаттардың электрондық тізілімі құрылады. Ол берілген барлық рұқсаттарды қайта қарап, заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Сәйкес келмейтін компанияларды тізілімге енбейді. Осылайша адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Лицензия демекші, депутат Мақсат Толықбай түрлі платформаларда құрылыс салуға рұқсаты бар компаниялардың еркін сатылып жатқанын айтып дабыл қақты. Қалтаң қалың болса, кез келгенін шертіп жүріп таңдап алуға болады

 «Жобалау, сараптама, құрылыс жүргізу бойынша бізде қанша мың компанияның лицензиясы бар? Білесіз кемінде 120 мыңнан асады. Цифрларға қарасаң бізде мұқым қазақ тендермен, мұқым қазақ құрылыспен айналысатын сияқты болып көрінеді. Бірақ шын мәнінде олай емес қой. Көбісі іс жүзінде жұмыс істемейді. Сенің біліктілігің бар ма, жоқ па бұл маңызды емес. Ақшаң болса болды, лицензиясы бар компанияны табу қиын емес», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай.

Ал Асхат Аймағамбетов жаңа Құрылыс кодексінің жобасынан аса маңызды нормалар түсіп қалған айтып ашынды. Сөзінше, мектеп пен балабақша құрылысы тұрғын үй құрылысымен қатар жүруі керек деген ұсыныс айтылған. Алайда неге екені белгісіз, Құрылыс кодексінің жобасында ол норма жоқ болып шыққан.

«Былтыр осы жерде бәріміз бірге көппәтерлі үйлерді мектеп пен балабақшасыз, емханасыз салуға тыйым салатын заң қабылдаған едік. Бұл норма енді жұмыс істей бастаған. Енді неге екені белгісіз, Құрылыс кодексінің жобасында ол норма жоқ болып шықты. Неліктен, бұл кімге тиімді? Он мыңдаған отбасы көшіп келіп жатыр, ал балаларын оқытатын мектеп жоқ. Біз шағынауданда мектеп пен балабақша, емхана жоқ болса, көппәтерлі үй салуға жол жоқ екенін айқын бекітейік деп ұсындық», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым болса, елімізде бір бөлмелі пәтерлердің көптеп салынып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол құрылыс нарығын реттеу саясаты мен демографиялық саясатты үйлестіріп жүргізуді ұсынды.

«Кеңес заманына қарағанда қазір құрылыс қарқын алды, халықтың тұрғын үймен қамтылуы да жақсарған. Статистикаға көз жүгіртсек, соңғы 15-20 жылда баспана салуда 2-3 және одан көп бөлмелі пәтерлерге басымдық берілген. Ал қазір қалаларда салынып жатқан пәтерлердің дені – бір және екі бөлмелі. Соңғы 10-15 жылда бір бөлмелі пәтерлердің үлесі артқан деуге келеді. Осы жағдайдан соң әлеуметтік және демографиялық саясатқа қатысты сұрақтар туындайды», – деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Министр Ерсайын Нағаспаевтың баяндамасын тыңдаған «Ақжол» мен  «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиялары Құрылыс кодексін шикі жазылған деп қолдаудан бас тартты. Осылайша, отырысқа қатысқан 92 депутаттың 78-і жақтап дауыс берсе, алтауы қарсы шығып, сегізі қалыс қалды. Көпшілік дауыспен құжат екінші оқылымға жіберілді.

Айта кетейік, төменгі палатада қызу талқыланған кодексті әзірлеуге 363 миллион теңге кеткен.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Қазақстанда енді жер сілкінісіне төтеп беретін ғимараттар салынады

 

Новости партнеров