Құрылыстағы қаза: марқұмның туыстары қауіпсіздік ережесін сақтамаған компанияны кінәлап отыр

04.06.2025 20:21

Қаза тапқан 61 жастағы Жұмабек Қалдыбаев 15 жылдан астам краншы болып жұмыс істеген

Алматыда тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында кран опырылып, ішінде отырған жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Қираған темірдің астында қалған 61 жастағы марқұмның отбасы қайғылы жағдайға қауіпсіздік техникасына селқос қараған құрылыс компаниясын кінәлап, тексеріс жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеше қаланың қақ ортасында көппәтерлі кешеннің құрылысы кезінде мұнаралы кран кенеттен құлдилап құлап, ішінде отырған оператор оқиға орнында жан тапсырған. Марқұмның туыстарының айтуынша, олар қайғылы жағдай жайлы әлеуметтік желіде тараған ақпараттан білген. Ал оқиға орнына келгенде оларды құрылыс алаңына кіргізбей, шығарып салыпты.

«Мұнаралы кран ғимаратқа бекітілуі тиіс. Олар техникалық қауіпсіздікті сақтамаған. Оны әкем де айтып отыратын. Алтыншы маусым туған күні еді», – деді марқұмның ұлы Сырым Белеков.

Қаза тапқан 61 жастағы Жұмабек Қалдыбаев 15 жылдан астам краншы болып жұмыс істепті. Жақындарының айтуынша, ол құрылыстағы былықтар, сақталмаған нормалар жайлы жиі сөз ететін. Ер кісі сол күні үйінен шығарда «кранды бүгін жөндейді» деп кетіпті. Қайғыдан қан жұтып отырған отбасына компания болған жайт жайлы әлі ешқандай ақпарат бермеген.

«Ол үйден шыққан кезде қарындасыма «бүгін кранды жөндейміз» деген. Неге ол кранның төбесінде болды. Кім рұқсат берді шығуға, Бұл – мәселелер біз үшін жұмбақ. Оған жауапты адамдар бар ма? Соны анықтау керек?» – деді марқұмның туысы Алпысбай Белеков.

Дәл осы жерде кран құлдилап құлады. Бізге белгілі ақпарат бойынша құрылыс алаңында 4 кран бар, оның ең жаңасы кеше опырылып түсті. Тұрғанына небәрі 1 ай болған.

Кранның техникалық жағдайы, неге аударылғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Бірақ осы салада жүрген марқұмның әріптестері мұндай жағдай жиі болмайтынын айтты. Сөздерінше, оқыс оқиғаға техниканың дұрыс орнатылмауы немесе ақауы себеп болуы мүмкін. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компания кран мен басқа да техниканың жаңа екенін, ақау тіркелмегенін айтты. Бірақ оның не себепті құлағанын айта алмай отыр.

«Кран — 2021 жылы шығарылған Zoomlion маркалы техника. Ол мердігер ұйым «Үміт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Кранды орнату және оны пайдалану жұмыстарын мердігер өз күшімен жүзеге асырған. Жабдықтың барлық қажетті техникалық құжаттары болған әрі ол қолданыстағы нормативтерге сәйкес орнатылған. Біз нақты не болғанын, не себепті аударылғанын білмейміз. Тексерісті бастадық. Жұмысшы өте жақсы, еңбекқор еді», – деді құрылыс компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі Юлия Ташматова.

Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір тиісті сараптамалар жүргізіліп, құрылыс алаңы уақытша жабылды.

«Сатпаев көшесінде салынып жатқан тұрғын үйлердің бірінде оқыс оқиға орын алды. ҚК 156-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір қайғылы оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша техниканың неліктен құлағаны белгілі болады. Ал құрылыс компаниясы марқұмның отбасына қаржылай көмек көрсетіп, 2 жыл көлемінде еңбекақысын төлеуге уәде етті. Жұмабек Қалдыбаевтың артында жұбайы мен екі ұлы қалды.

Әйкерім Пернебек, Ялкужан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Елдегі дәрілердің 84 пайызы шетелден әкелінеді - депутат