"Күлдіргіш шар": Алматыда биыл 10 түнгі клуб жабылды

Мамандар кей жағдайларда «күлдіргіш шарлардың» құрамында басқа да улы заттар болуы мүмкін екенін жасырмады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде «күлдіргіш газға» қатысты талап күшейгелі бері ойын-сауық орындары жаппай тексеріліп, бірқатары жабылып жатыр. Биыл күшіне енген жаңа заңға сәйкес, азот оксиді психотропты заттар тізіміне еніп, оның айналымы қатаң бақылауға алынды. Алматыда жыл басталғалы 10 түнгі клуб жабылып, тағы бірнеше мекемеде кешенді тексеріс жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv

Күлдіргіш газ – түрлі-түсті шарлардың ішінде болатын азот оксиді. Оны көбіне түнгі клубтар мен ойын-сауық мекемелерінде «көңіл көтерудің» бір құралы ретінде ұсынатын болған. Полиция дерегінше, зиянды затты жастар әлеуметтік желідегі парақшалар, сайттар арқылы да тауып, тапсырыс беріп жүр. Жүргізілген рейдтер барысында бірнеше дерек расталып, бірқатар мекемеден күмәнді газ баллондары тәркіленді. Тексеріс нәтижесінде қаладағы 10 ойын-сауық орны жабылған. Тағы 845 кәсіпкерлік нысаны бойынша тексеріс әлі жалғасып жатыр.

«Қазіргі таңда күлдіретін газды пайдалану, яғни ол психотроптық зат болып саналатындықтан, оны қолдану дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі бар, бұл Қылмыстық кодекстің 301-бабымен көзделген. Аталған норма психотроптық заттарды шығару, жасау және тарату әрекеттерін қамтиды. Жылдың басынан бері мұндай деректер көбінесе түнгі ойын-сауық орындарында тіркеліп отыр. Осы норма заң күшіне енгеннен кейін 8 қылмыстық іс қозғалып, 8 дерекке тосқауыл қойылды», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Азоттың оксиді, яғни «күлдіргіш газ» медицинада қысқа мерзімді ауырсынуды басу үшін пайдаланылады.Мамандардың айтуынша, бақылаусыз қолданылғанда ағзаға кері әсер етеді. Газды жұтқан адамда қысқа уақытқа масаю, еріксіз күлкі, босаңсу басталып, адам өзін басқара алмайды. Бірақ бұл әсер тез басылады. Соның салдарынан жастар оны қайта-қайта қолдануға ұмтылады. Ал оны жиі пайдалану тәуелділікке әкеледі.

«Алғаш рет қолданған кезде газдың әсері 10–15 минутқа созылады. Осы уақыт аралығында адам эйфорияны сезініп, себепсіз әрі тоқтаусыз күле бастайды. Одан кейін, шамамен 10–15 минут өткен соң, газдың әсері бәсеңдеп, әлсірейді де, адамның көңіл-күйі түсіп, депрессиялық жағдай басталады. Адамдар нарколог-мамандарға неғұрлым ерте жүгінсе, соғұрлым созылмалы ауруларға, мүгедектікке немесе тіпті өлімге әкелуі мүмкін ауыр салдарының алдын алу мүмкіндігі жоғары болады», – деді психикалық сауықтыру орталығының нарколог маманы Құмарбек Қожекенов.

Мамандар кей жағдайларда «күлдіргіш шарлардың» құрамында басқа да улы заттар болуы мүмкін екенін жасырмады. Мәселен, ацетон, толуол, бензол сияқты химиялық қоспалар кездеседі. Бұл заттар тыныс алу жолдары арқылы ағзаға еніп, жүйке жүйесіне зиян келтіреді. Құзырлы орган өкілдері жаппай тексеріс барысында түнгі ойын-сауық клубтарынан азот оксидінен бөлек, есірткі айналымын да әшкерелеген.

«Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралар барысында есірткінің жас айналымына байланысты құқыққа қарсы әрекеттің жолын кесті. Сотқа дейінгі тергеп, тексеру аясында Медеу ауданындағы элиталық түнгі клубтардың бірінің қызметкері ұсталды. Ол шарды сатып алушыға гашиш есірткісін өткізген. Мекемені тексеру барысында  ұнтақ тәрізді заттардың іздері және ақ түсті заты бар зип пакет анықталды», – деді қалалық прокуратураның ресми өкілі Райымбек Шәріпбаев.

Сырт көзге зиянсыз көрінген бұл «көңіл көтеру құралдарының» шын мәнінде адам денсаулығына зияны көп. Сондықтан бақылау күшейіп, талап қатаңдатылуда. Бұдан бөлек, қалада соңғы тексерістер барысында 25 миллион теңгеге бағаланған мыңға жуық синтетикалық есірткі дозасы тәркіленген.

 Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Кәсибі бағдар берудің жаңа форматы: оқушылар арасында конференция өтті

Новости партнеров