"Күнде түсіме кіреді": Атырауда бойжеткен өліміне қатысты күдікті сотта ақталып, кешірім сұрады

29.10.2025 20:49

Янаның Легкодимованың анасы Істе шикілік барын сезетінін әрі кешірім бермейтінін жеткізді  

«Марқұм күнде түсіме кіреді». Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне кінәлі деп танылған күдіктілердің бірі сотта осылай деп ақталды. Бір айдан бері жалғасып жатқан сот процесінің кезекті отырысында айыпталушылардан жауап алынды. Жас қызды аса айуандықпен өлтіріп, жер жастандырған күдіктілер сот кезінде анасынан кешірім сұрап, өз кінәларын толық мойындайтынын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дүйім жұртты дүр сілкіндірген атышулы іске қатысты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Кезекті процесте күдіктілерден жауап алынды. Оларға аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылып отыр. Есте болса, айыпталушы екі ер адам өзара хат жазғанда марқұмды улап немесе тұншықтырып өлтіру жайын талқылаған. Сот барысында біреуінің көлігінде калий перманганаты сақталғаны айтылды. Осыған қатысты судья Зарема Хамидуллинаның сұрағына күдіктілер мардымды жауап бере алмады.

«Көлігіңізді тінту кезінде қорап тәркіленді, оның ішінен калий перманганаты табылды, оны қандай мақсатта, қашан алғаныңызды айтыңызшы?.

- Есімде жоқ!

- Оны неге бөлек сақтадыңыз?

- Білмеймін. Бұл дәрі кез келген дәріханада сатылады».

Сот кезінде күдіктілердің бірі Янаның күнде түсіне кіретінін айтып, жыларман болды. «Адам өлтіру» бабы бойынша кінәсін толық мойындап, марқұмның анасынан кешірім сұрады. Ал қан жұтып отырған қыздың анасы күдіктілердің жауабына қанағаттанған жоқ. Істе шикілік барын сезетінін әрі кешірім бермейтінін жеткізді.

«Олар препараттың 15-17 грамын білдірмей қандай сусынға, қалай қосу керек екенін бірнеше рет талқылаған. Қазір есімізде жоқ деп бастарын ала қашып отыр. Ол мүмкін емес. Мұның бәрі чатта тәптіштеп тұрып жазылған», - дейді марқұмның анасы Галина Легкодимова.

Сондай-ақ Янаның денесін Жайықтың жағасынан тауып алған ерлі-зайыптыдан жауап алынды. Мәйіт қалдықтары табылған кезде түсірілген бейнежазба зерттеліп, онда марқұмның тек бас сүйегі, омыртқасы мен қабырғаларының бір бөлігі ғана бары анықталыпты. Жәбірленуші тарап айыпталушыларға ең ауыр жаза тағайындауды сұрады.

«Сотталушылардың бір-біріне жазған хабарламаларына талдау жасаған кезде, олардың қылмыстық әрекетке жүйелі түрде қатысы барын растайтын сөз бар. «Біз одан да сорақысын істегенбіз» деген тіркес олардың бұған дейін де бірнеше заңсыз әрекет жасағанын көрсетеді. Екі сотталушы да Қылмыстық кодекстің 262-бабының 1 және 2- бөліктері, яғни ұйымдасқан топ құрып, оған қатысқаны үшін деген айыппен жауапкершілікке тартылуы керек», - деді жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Әбдәл. 

Естеріңізге салсақ, қанды қылмыс былтыр қазан айында болған. Бойжеткен 18 қазанда үйінен шығып, сол күйі оралмаған. Қыздың денесі кейін тек 8 айдан соң Жайық жағасынан табылған болатын.

Жұлдыз Қайратқызы, Алматы телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Саймасайдағы оқушы өлімі: полиция суицидке итермелеу бабымен іс қозғады