23 жастағы Яна Легкодимованы өлтіргендер қолға түсті
18 қазанда қаза тапқан Атырау тұрғыны Талдыкөл ауылының маңындағы Жайық өзенінен төрт күннен бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Яна 2001 жылы 31 тамызда Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Чапаево ауылында дүниеге келген. Жергілікті мектепті үздік бітіріп, Атырау мұнай және газ университетіне грантқа түсіп, мұнай-газ инженері мамандығы бойынша білім алған. Грант алғаны белгілі болғанда, тек анасы мен жалғыз қызы бар шағын отбасы Атырауға қоныс аударыпты.
Дипломын алғаннан кейін Яна бірден оқуын жалғастырғысы келетінін айтып, магистратураға түскен. Осы жазда магистратураны бітіріпті. Оқып жүрген кезде қыз Атырау Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институтында жоба әзірлеуші болып жұмыс істеген.
"Оның Астанада қорғалған көп жобасы болды. Докторлық диссертациясын қорғамақшы еді. Тамыз айында Астанаға барып, қазақ тілінен, ал қыркүйекте ағылшын тілінен ойдағыдай тест тапсырды. Бұл аспирантура үшін қажет болды. Қызым екінші жартыжылдықтан бастап оқуын жалғастыруды жоспарлаған болатын", - дейді Янаның анасы Галина.
Анасының айтуынша, Янаның алдына қойған мақсаты көп болатын. Ал КазНигриде ол кәсіби шеберлігі жағынан ғана емес, адами тұрғыдан да құнды қызметкер болған. Әріптестері оны сөзімен де, ісімен де қол ұшын беруге әзір, мейірімді, жанашыр қыз ретінде айтады.
Үйден күртесіз шыққан...
Галинаның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні ол іссапармен Ақтауда болған.
"18 қазанда сағат 22:03-те қызыммен хат жазыстық, ол кешкі асын ішкен соң, ұйықтаймын деді. Алда демалыс күндері болатын, ол жақсылап ұйықтап, демалғысы келді. Келесі күні мен әлі басқа қалада едім, таңертең қызыма видеобайланыс арқылы қоңырау шалдым. Телефон қолжетімсіз болды. Маған бұл оғаш көрінді, өйткені Яна телефонын үнемі қуаттап қоятын. Мен оған кез келген уақытта қоңырау шалсам, ол қашан да жауап беретін. Әлі ұйықтап жатқан шығар, ал телефонының қуаты бітіп қалған болар деп ойладым. Күні бойы байланысқа шықпады. Кешке әпкемнен үйімізге баруын өтіндім.
Оның айтуынша, бүкіл бөлмеде жарық жанып тұрған, бірақ Янаның өзі үйде болмаған. Қызымның сырт киімі дәлізде ілулі тұрған. Қуаттағышы да, құлаққабы да үйде екен - ол бұл заттарын алмай, ешқайда шықпайтын. Ол өзін өлтірген адаммен көліктің ішінде сөйлескен, сондықтан да күртесін кимеген деп ойлаймын. 20 қазанда Атырауға ұшып келдім де, дереу полицияға қызымның хабар-ошарсыз кеткені туралы арызбен жүгіндім
Бізге бұл адамның аты-жөнін ресми түрде бермеді, бірақ мен оның кім екенін шамалап отырмын. Оның ешқашан жігіті болған жоқ, ешкіммен жүрмеді. Өйткені ол ең алдымен оқу мен мансап, содан кейін ғана қарым-қатынас болу керек деп үнемі айтатын. Бірақ бұл адамға соңғы кездері ол қоңырау шалса, шығып жүрді", – дейді анасы.
Янаның жазып жүрген күнделігі болған. Күнделік арқылы қыз жоғалғаннан кейін оны өлтіруі мүмкін адамның кім екенін шамалауға көмектесті. Күнделікте Яна Р. әрпімен белгілеген адамға қатысты кейбір сәттерді сипаттаған.
"Оның күнделігінде олардың күнде хат жазысып тұратыны жазылған. Менің түсінуімше, Р. келіп, қызым оны көруге шығады, олар көлікте отырады, содан соң қызым үнемі үйге қайтады. Мен бұл кісінің нөмірін қызымның достарынан алдым да, қызымды көрген-көрмегенін сұрадым. Ол қызымды көрмегеніне бір аптадан асқанын, онымен сөйлескеніне көп болғанын, онда да жұмыс бойынша сөйлескенін айтты. Әңгіме барысында ол кекештеніп сөйлесті. Янаның достарынан ол кекештенетін бе еді деп сұрадым, олар оның тілінің кемістігі жоқ деді. Әлі күнге дейін қызымды өлтірген адамның аты-жөнін білмеймін. Полиция бұл тергеу құпиясы деді. Янаның күнделігі де қазір полицияның қолында", - дейді ана.
23 қазанда таңертең күдіктілер - 24 және 25 жастағы екі ер адамның ұсталып, кінәсін мойындағаны белгілі болды.
Полиция департаменті қыздың өлтіріліп, денесі Жайыққа тасталғанын хабарлады.
«Қала тұрғынының жоғалып кетуіне байланысты "Адам ұрлау" және "Адам өлтіру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жарияланбайды", - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
25 қазанда Галина Легкодимова әлеуметтік желі арқылы Атырау облысының әкімдігіне жүгініп, Янаны іздеу үшін техника мен адам санын көбейтуді өтінді.
"Бұл қайғыдан аналық жүрегім қарс айырылып барады. Тіпті денесі табылмағандықтан қызымды жерлей де алмай отырмын. Көмек сұраймын, қызымды тауып беріңіздерші, тым болмаса басына барып тұратын бейіті болсын..." - дейді қан жұтқан ана.
Ананың өтінішінен кейін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ПД мен ТЖД-ға іздеу жұмыстарын күшейту және іздеуге қатысатын топтар санын арттыру тапсырылған. Сонымен қатар осы екі мекеменің басшылығы Янаның анасымен кездесіп, оны іздеу шаралары туралы хабардар етіп отыруға уәде берді.
Оқи отырыңыз: "Мені өлтіргелі жатыр": Ақтөбеде сотталған диспетчерге шыққан үкім өзгерді