Курьерлік жұмыстың артында ауыр қылмыс жасырылуы мүмкін - полицейлер дабыл қақты

Елімізде есірткі қылмысы үшін жауапкершілік 14 жастан басталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жазғы демалыста қосымша табыс іздеген алматылық жасөспірімдер интернеттегі күмәнді «жұмыс» ұсыныстары арқылы қылмыстық топтардың құрбанына айналып жатыр». Тәртіп сақшылары осылай деп дабыл қақты,  деп хабарлайды Almaty.tv

Олар әлеуметтік желі мен хабарландыру сайттарында «тәжірибе қажет емес», «жалақысы жоғары» деп ұсынылатын вакансиялар есірткі тарату схемаларына апаратын тікелей жол деп отыр. Мамандардың айтуынша, арбаушылар бүгінде тек жағдайы төмен отбасылардың балаларын емес, смартфоны бар, тезірек дербес болғысы келетін кез-келген оқушыны нысанаға алады. Қылмыстық әрекеттер бастапқыда қарапайым курьерлік жұмыс ретінде көрінеді, кейін келе бала біртіндеп заңсыз жүйеге тартылып кетеді.

«Құқықбұзушылықтардың көбіне түнгі уақытта жасалатынын ескеру керек. Сондықтан ата-ана баласының қайда, не істеп жүргенін әрдайым біліп отыруы тиіс. Түнгі уақытта себепсіз сыртқа шығу, араласатын ортаның күрт өзгеруі, телефонын жасырып, көрсетпеуі – ата-ананы алаңдататын маңызды белгілер», – деді Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сұлушаш Досболова. 

Елімізде есірткі қылмысы үшін жауапкершілік 14 жастан басталады. Зиянды заттың жарнамасын граффити арқылы таратқандар 6 жылға дейін, ал оны тасымалдаушылар 10–15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мамандар қауіптің алдын алу отбасынан басталуы тиіс екенін ескертеді. Ата-аналар баланың интернеттегі белсенділігіне, мінезінің тұйықталуына назар аударуы қажет. Ал күмәнді хабарландырулар мен фактілер туралы ақпаратты қала тұрғындары арнайы Нарко шектеу Алматы Telegram-боты арқылы жедел түрде хабарлай алады.

«Алдын алу мәселесіне келсек, профилактика ең алдымен үйден, отбасынан басталады. Ата-ана баласының өміріне шынайы қызығушылық танытуы керек: оның кімдермен араласатынын, интернетте немен айналысатынын, қосымша жұмыс іздеуді жоспарлап жүрген-жүрмегенін біліп отырғаны маңызды», – деді психолог Ғалия Назханова.

Оқи отырыңыз: Нашақорлыққа қарсы ұлттық спорт: Астанада көкпаршылар бақ сынады

Новости партнеров