Айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған жұрт тариф мәселесінің тығырыққа тірегенін айтып, налиды
Қарағанды облысына қарасты Қушоқы елдімекенінде жылу тарифі күрт шарықтады. Бағаның бірден 100 пайызға өсуіне кәсіпкердің шаш етектен шығынға батуы себеп. Ал екі ортада қысым көрген – баяғы қараша. Айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған жұрт тариф мәселесінің тығырыққа тірегенін айтып, налиды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жылу ақысының бірден екі есеге артатынын естіген ағайын мұндай шешімнің ақылға сыймайтын айтып, зар жылайды. Онсыз да қарызға батып, қымбатшылық өкпеден қысқан тұста ай сайын 36 мың теңгені негізсіз санап беруге жұрт қарсы. Олар: «Бұған дейін де былыққа батқан мекеме мәселесін бірдеңе қылып, өздері шешсін»,- деген талап қойып отыр.
«Өзім жұмыссызбын, жолдасым ғана жұмыс істейді. Бірден көтерілгеніне келіспеймін. Қалтам да көтермейді», – деді Қушоқы елдімекенінің тұрғыны Нұржан Аманбек.
Жұрт ұлардай шулаған мәселенің мәнін білмекке кәсіпкердің өзімен байланысқа шықтық. «3 жылдан бері бағаны бір қалыпта ұстап тұруға тырыстым»,- деген ол нәтиженің болмағанын айтып ақталды. Бүгінде кәсіпорынның қарызы 146 миллион теңгеге жеткен. Әрі, тапшылық салдарынан қызметкерлер жалақысының 50 пайызы ғана өтеліпті. Осының бәрін есептеп, әрмен қарай жұмысты жалғастыру үшін тариф құнын 161 теңгеден 322 теңгеге көтеруден басқа амал жоқ,- дейді Воронов.
«Тариф үш жыл бойы өзгермеді. Электр энергиясы сол кезде 24 теңге болса, қазір 41 теңге. Бұрын көмірдің бағасы 3 жарым мың теңге еді, қазір ол 15 мың теңге болды. Жеткізіп беру бағасының бөлек төленетінін де ескеріңіздер. Жылыту маусымы кезінде қазандықтың жұмыс істегенін қаласақ, осыған көнуге тура келеді», – деді кәсіпкер Евгений Воронов.
Ел сөзін естімекке облыстағы табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері де келді. Олар жылу ақысы бірден 100 пайызға өспейді, – деп кесіп айтты. Бірақ бұл дегеніміз – тариф мүлдем өспейді деген сөз емес.
«Бүгінгі күнге екі есе көтерілу деген ол мүмкін емес. Шығындар да өсіп жатыр. Жалақыны өндірісте жұмыс істеп жатқан жұмыскерлер үшін көтеру қажет», – деді Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департамент басшысының орынбасары Қуат Мұтапин.
Өңірдегі жағдайдың коммуналдық қызмет ақысына да әсер етері сөзсіз. Бірақ мамандар әзірге бұл құнды дөп басып айта алмай отыр. Қалай болғанда да, қараша халықтың қалтасынан ай сайын берілуі тиіс сома тек сараптамадан соң белгілі болмақ.
Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қостанайда әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы сотталды