Күздің алғашқы апталарында елімізде ауа температурасы +37 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. «Қазгидромет» мәліметінше, 5 – 7 қыркүйек аралығында республиканың басым бөлігінде күн ашық, жауын-шашынсыз болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірақ кей өңірлерде күн суытуы мүмкін. Бұл туралы бізбен тікелей байланысқа қосылған «Қазгидромет» баспасөз хатшысы Аружан Мұратова айтып беруге дайын.
– Қай аймақтарда жауын-жауып, күн суытады?
«Қыркүйек айында Қазақстанның барлық аумағында ауаның орташа айлық температурасы тамыз айымен салыстырғанда 5-7 градусқа төмендейді. Консультативтік болжамға сәйкес қыркүйек айының басында Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде жаздағыдай ыстық ауа райы күтіледі. Ал елдің солтүстік, орталық және шығыс облыстарында күзге тән салқын ауа райы орнап жауын-шашын түседі. Жаңбырдың қарға ұласуы, желдің екпін алуы мүмкін. Алайда бірінші он күндіктің ортасынан бастап республиканың басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы қалыптасып температуралық фон айтарлықтай жоғарлайды. Алдағы үш тәулікте Қазақстанның басым бөлігі атмосфералық қысымы жоғары аймақтың ықпалында болады. Осыған байланысты ауа райы негізінен құрғақ, бұлтсыз және жауын-шашынсыз болады. Елдің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың әсерінен кей жерлерде найзағаймен қатар қысқа мерзімді жаңбыр жауып, жел күшеюі мүмкін. Елдің басым бөлігінде жаздағыдай жылы күндер күтіледі. Алайда шығыста және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнгі ауа температурасы салқын болады. Ауа температурасы күндіз батыста, солтүстікте, орталықта +25, +33°С, шығыста +20, +25°С, оңтүстікте +28, +37°С, оңтүстік-шығыста +20, +30°С, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда +10, +20°С болып күтіледі».
– Елде өрт қаупі әлі сақтала ма? Қай өңірлерде қауіп жоғары?
«Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының солтүстік-батысында, Абай облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында, Маңғыстау, Қарағанды облыстарының орталығында, Жетісу, Алматы, Ақмола облыстарының солтүстігінде жоғары өрт қаупі күтіледі. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау облыстарында, Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, орталығында, Алматы облысының батысында, шығысында, орталығында, Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында төтенше өрт қаупі сейілмеді».
Оқи отырыңыз: Алматыда 31 тамыз-6 қыркүйек аралығында ауа райы қандай болады