Қызылорда облысында 500 мың тонна күріш жиналды
Қызылорда облысында шаруалар егіс алқабындағы күзгі науқанды толағай табыспен аяқтады. Диқандар күріштік алқаптарды қара күздің жауын-шашынына қалдырмай орып үлгерген. Соның нәтижесінде 500 мың тонна күріш жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл облыста 85 мың гектардан астам алқапқа күріш дақылы егілді. Бұл былтырғыдан 3,5 мың гектарға аз. Дегенмен шаруалардың еселі еңбегінің арқасында өнімділік еш төмендемген. Сыр диқандары жиын-терім науқанын ойдағыдай аяқтап, жарты миллион тоннаға жуық астықты қамбаға құйды. Күріштің шығымы да былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
"Сыр диқандары биыл 189 мың 400 гектар жерге егін екті. Негізгі дақыл күріштің көлемі 85 600 гектарды құрап, әрбір гектарынан 58 центнерден өнім алып, жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналды", – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Егін науқанында шаруашылықтар 55 мың гектар алқапты лазерлік тегістеуден өткізген. Нәтижесінде егіске қажетті су үнемделіп, өнімділік 30 пайызға артыпты. Қамбаны дәнге толтырған еңбек озаттары құрметке бөленіп, оларға «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Облыста озат атанған бірнеше шаруашылық қызметкерлеріне автокөлік мінгізді.
"Биыл өнім жақсы болды. Лидер сортын ектім. Күріш егуідің қиындығы бар, таңның атуы, күннің батуы егістікте жүреміз. Шаруашылықтың мінгізіп жатқан автокөлігіне рақмет айтамын. Алдағы уақытта күш жігерімізді арттырады, биік белестерден көрінеміз деп сенемін", – деді шаруа Есен Ибраев.
"Төрт балам бар. Балаларымның несібесі шығар. Қуанышта шек жоқ. Толқып тұрмын, 5 жыл болды жұмыс істеп жатқаныма. Мекемеміз әрі қарай дами берсін", – деді көлік жүргізушісі Тимур Жомартұлы.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, Сыр салысының әр гектарынан 60,5 центнерден өнім алған Жалағаш «Үздік аудан» атанды. Бұл күні «Озат шопан», «Озат агроном», «Озат комбайншы» секілді саланың да барлық бағыты бойынша үздіктер анықталды.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Кіндік қаным тамған жер – Мәтібұлақ: ауыл тұрғындары 70 жылдық мерейтойды атап өтті