Түлектердің жақындары да қуаныштарын жасыра алмады
Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің «Бас штаб академиясы» факультетінің түлектері – офицерлері мен докторанттарын құрметтеуге арналған салтанатты рәсім өтті, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, басқа да күштік құрылымдар басшылығының өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері және түлектердің туған-туыстары қатысты.
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов еліміздің кадрлық әлеуетін нығайтудағы Ұлттық қорғаныс университетінің маңызды рөлін атап өтіп, мамандарды жоғары деңгейде даярлағаны үшін оқытушылар құрамына алғыс білдірді.
«Әскери-стратегиялық жағдай қарқынды өзгеріп жатқан тұста мемлекеттің терең білімге, стратегиялық ойлау қабілетіне ие және ұлттық қауіпсіздік мүддесінде жедел әрі салмақты шешімдер қабылдай алатын жоғары білікті әскери басшыларға деген қажеттілігі арта түсуде. Алған білімдеріңіз бен кәсіби дағдыларыңыз ең күрделі әрі жауапты міндеттерді абыроймен атқаруға, Қарулы Күштерді дамытуға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Салтанатты жағдайда Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов «Бас штаб академиясы» факультетінің түлектері мен Ұлттық қорғаныс университетінің докторанттарына жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломдарды табыс етті.
Түлектер атынан үздік диплом алған топ командирі полковник Ержан Ембергенов алғыс сөзін сөйледі.
«Ұлттық қорғаныс университетінде білім алу біз үшін кәсіби және тұлғалық өсудің маңызды кезеңі болды. Біз бірегей білім мен тәжірибе жинақтап, еліміздің үздік оқытушылары мен әскери мамандарынан тәлім алу мүмкіндігіне ие болдық. Мемлекет сенімін ақтап, Отанымыздың игілігі үшін қызмет ету – әрқайсымыз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік», – деді Ержан Ембергенов.
Түлектердің жақындары да қуаныштарын жасыра алмады. Нұрбаевтар отбасында ерлі-зайыптылардың екеуі де өмірін әскери қызметке арнаған. «Бас штаб академиясы» факультетінің магистрі подполковник Мерген Нурбаев диплом алу тек өзі үшін ғана емес, бүкіл отбасы үшін айтулы оқиға болғанын атап өтті. Өйткені оның кәсіби жолында жұбайы – кіші сержант Жанар Нұрбаева үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Магистр, полковник Асхат Ұлықбаевтың анасы Нұрипа Назарымбетова өз әсерімен бөлісті:
«Менің 40 жылдық педагогикалық еңбек өтілім бар. Балаларымның бойына әрдайым патриоттық сезімді ұялатып, Отанды қорғауға дайын, елдің лайықты азаматы етіп тәрбиелеуге тырыстым. Бүгін біздің отбасымыз үшін ерекше, өте қуанышты күн. Ұлымыздың еліміздің жетекші әскери жоғары оқу орындарының бірі – Ұлттық қорғаныс университетін бітіріп, магистр дәрежесін алғанын мақтан тұтамыз. Осы жылдар бойы біз оған қолдау көрсеттік, бүгін оның бұл жетістігін бірге бөлісіп отырғанымызға бақыттымыз».
Іс-шара Орталық әскери оркестр мен Құрмет қарауылы ротасы әскери қызметшілерінің сүйемелдеуімен өтті. Шара соңында қонақтар Әскери-тарихи музейді аралады.
Еске сала кетейік, жұмыс істеген жылдары ҚР Ұлттық қорғаныс университеті жоғары буын әскери кадрларының нағыз ұстаханасына айналды. Жоғары оқу орны елдің Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін мыңдаған офицер даярлады. Мұнда шет мемлекеттердің де әскери қызметшілері білім алуда.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі OpenAI компаниясымен жасанды интеллект пен қаланы цифрлық трансформациялау мәселесін талқылады