Қарақұдық ауылында 3 жылдан бері бірде-бір арыз тіркелмеген
Қарағанды облысына қарасты 63 ауыл алкогольден түбегейлі бас тартты. Той-тамалақты да арақ-шарапсыз өткіземіз деген азаматтар өңірде әлі де көбейіп жатқан көрінеді. Сәйкесінше, елдімекендерде ірілі-ұсақты қылмыс азайған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарағанды облысындағы арақтан бас тартқан ауылдың барлығы шағын елдімекендер санатында. Мұндағы тұрғындар саны мыңға жуықтайды. Мәселен, мына Қарақұдық ауылында 693 адам тұрады десек, соның бірі - Беспаевтар әулетінің отағасы. Азаматтың ащы суды ұрттамағанына 20 жылдай болыпты. Қазір берекесі келіскен үйдің дастарханына алкоголь атаулы мүлде қойылмайды. "Жігіт кезімізде сауық-сайран құрып, ұрттағанның ештеңе ұтқаным жоқ дейді" кейіпкердің өзі.
"Бізде ауылда кеш немесе біреудің туған күні болса, өткен өмірді еске алып, қызықты әңгіме айтып, бала кездегі қызықтарды еске аламыз. Көршінің үйіне барғанда тосынсый ретінде басқаша киініп барып, өзінеш қызықты сәттер ұйымдастырамыз. Арақ ішпей-ақ билеп, өткен-кеткенді еске алып, жастарға тілектер айтып көңіл көтере алады", - дейді Қарақұдық ауылының тұрғыны Қаныш Беспаев.
Ауылда бары - 5 дүкен, ешқайсының сөрелерінде арақ атаулы атымен жоқ. Өйткені ауыл тұрғындары ащы су алуды күрт тоқтатқан. Алкогольден ада елдімекендегі балалар да асау үйретіп, қыста жабағы мінуді игі дәстүрге айналдырыпты.
"Алкоголь жоқ жерде береке болады. Берекелі ауылдың әрбір шаңырағы тату. Біз өзіміз ішпегеннен кейін білмеймін. Менің ойымша, адамның жанында қуаныш болса, алкогольсіз-ақ бақытты болуға болады", - дейді сатушы Лаура Мүкеева.
Татулығы жарасқан ауылдарда кейінгі кездері қылмыс та күрт азайған. Мәселен, бір Қарақұдықтың өзінде 3 жылдан бері бірде-бір арыз тіркелмепті. Ал отбасылық кикілжіңдер мен ағайын арасындағы ұсақ-түйек келіспеушіліктерді учаскелік инспектор мәмілегерлік жолмен реттейтінін айтады.
"Ондайда сол үйге барып сұхбат әңгіме өткіземіз. Бұл ауылда тұратын адамдардың бәрі - осы жерде туғандар. Көшіп келген ешкім жоқ. Сондықтан ондайға дейін барған емес. Ішімдік сататын ауыл мен сатпайтын ауылдың айырмашылығы болады, өйткені қандай да қылмыстың артында спирттік ішімдік жатады", - деді Қарақұдық ауылының учаскелік инспекторы Қуаныш Қалелов.
Ауыл ішіндегі ағайын тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанымен, көршілес тұрған елдімекендерде әзірге бұзақылар азаймай тұрған көрінеді. Сондықтан полицейлерге тыным жоқ.
Айта кетейік, қазір бір Қарағанды облысының өзінде алкогольден бас тартқан 63 ауыл тіркеліпті.
Жанбота Бейсембайұлы, AlmatyTV, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Мегаполисте жұқпалы респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар көбейді