Алматыда кешеден бері жауған қардың салдарынан 40-қа жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген
Алматыда кешеден бері жауған қардың салдарынан 40-қа жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Дегенмен 6 тұрғын түрлі жарақат алып, дәрігер көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көлігі бар жұрттың бүгінгі қарбаласы - дөңгелек ауыстыру. Себебі мегаполисте табиғат тосын мінез танытып, кеше кешкі алтыдан бастап ақ ұлпа жауды. Қалада қардың қалыңдығы шамамен 1 сантиметр болса, таулы өңірлерде ол 10 сантиметрге дейін жеткен. Соған сай жүргізушілер темір тұлпарларының қысқы дайындығын пысықтап, дөңгелектерін ауыстыруға асыққан.
«Дөңгелек ауыстыратын орталықтарында кезек. Қалада алғашқы қар жауды. Мұндай жағдайға алдын ала дайын болған жөн деп ойлаймын. Десекте бүгін көлігімді орталыққа алып келдім. Небәрі 20 минуттың ішінде дөңгелектерін ауыстырып берді», – деді қала тұрғыны Әлімжан Серімбетов.
Алматыда алғашқы қар жауғалы дөңгелек ауыстыратын орталықтарда жұмыс қызған. Мамандардың айтуынша, кешегі қардан кейін 80-ге жуық автокөлік дәл осы орталыққа келіп жүгініпті. Ал бағасы әртүрлі, көліктің көлеміне, дөңгелекке байланысты 10 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін бағаланады.
«Ең алдымен көлік дөңгелектерінің жағдайын мұқият тексереміз. Қысқы шиналардың протектор тереңдігі кем дегенде 4 миллиметр болуы шарт. Сонда ғана жолда сыр бермейді. Дөңгелекте жарық, ісіну болмауы керек. Ал дөңгелекті уақытылы ауыстырмау — өзіңді де, өзгені де қатерге тігу», – деді орталықтың техникалық директоры Евгений Кошелев.
Қалалық Полиция департаментінің дерегінше, соңғы тәулікте мегаполисте 37 жол апаты тіркелген. Жүргізушілердің арақашықтықты сақтамауы мен қысқы дөңгелегін дер кезінде ауыстырмауы көлік қақтығысының басым бөлігіне себеп болған.
«Жол қауіпсіздігінің сақталуына полиция қызметкерлері ғана емес, жол жүру процесіне қатысушылардың барлығы жауапты. Өзінің автокөлігін міндетті түрде алдын ала қысқы маусымға дайындауы қажет. Бірінші желтоқсаннан бастап заң бойынша әкімшілік шаралар қолданамыз. 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Қазіргі уақытта түсіндірме және профилактикалық жұмыстар белсенді түрде жүріп жатыр», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Айта кетейік, жол қозғалысы қағидаларына сәйкес, қысқы шиналарды қолдану мерзімі 1 желтоқсаннан бастап 1 наурызға дейін белгіленген. Бұл талапты елемеген жүргізушілерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматыда өңірдегі ең ірі технологиялық форумды өткізу жайы талқыланды