Қытай мен Қазақстан арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін 5 меморандумға қол қойылды

Алматыда «Достық көпірі» халықаралық кәсіпкерлер одағының алғашқы ресми сессиясы өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Достық көпірі» халықаралық кәсіпкерлер одағының алғашқы ресми сессиясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халықаралық кәсіпкерлер одағының алғашқы сессиясы мазмұнды баяндамалардан басталды. Одақ төрағасы Мұқан Мамытхан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында атап көрсетілген кәсіпкерлікті қолдау мен сауда-инвестицияны арттыру шаралары туралы сөз қозғап, оларды жүзеге асырудың нақты тетіктеріне тоқталды. Артынша Қытай мен Қазақстан арасындағы серіктестікті жаңа белеске көтеру үшін екі елдің өкілдері салтанатты лентаны қиды.

«Біздің одақ 2025 жылдың қаңтарда құрылды. Аз уақыт аралығында біраз жұмыс атқардық. Әрбір Қазақстанға инвестиция салғысы келген компаниялармен жеке-жеке кездесу өткізіп, оларға Қазақстанның мәдениетін, инвестициялық тиімді саясатын, заңын таныстырдық. Оларды Қазақстанға тартуға жұмыс жасадық», – деді   «Достық көпірі» халықаралық кәсіпкерлер одағының бас хатшысы Нұрсәуле Мамытхан. 

Басқосуға Қытайдың 85 және еліміздің 40-қа жуық компания өкілі қатысты. Екі ел арасындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін 5 меморандумға қол қойылды. Олардың қатарында апатты үйлерді қайта жаңғырту, жүк көліктері мен құрылыс техникасын жеткізу, ауыл шаруашылығы, электр және өнеркәсіп салаларын қамтитын, жалпы құны 50 миллион доллардан асатын маңызды келісімдер бар.

 «Алматыдағы ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді қайта құру жөнінде меморандумға қол қойдық. Жобаға инвесторлар қатысады. Заманауи техникалар мен құрылыс материалдарын алдырып, тұрғын үйлерді халықаралық сапаға және қауіпсіздік стандарттарына сай етуді жоспарлап отырмыз. Бұл ынтымақтастық жобаны қысқа мерзімде жасауға әрі қала тұрғындары үшін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Қытай құрылыс компаниясының бас директоры Сун Ды Жуин

Айта кетейік, халықаралық кәсіпкерлер одағы болашақта мұнымен тоқтап қалмай, тағы сессия өткізуге ниетті. Олар жекелеген салаларды дамытып, халықаралық іскерлік желіні кеңейтуге басымдық бермек.

Мәди Мәлік. Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Үкіметте туризм саласын дамыту мәселелері талқыланды

Новости партнеров