Өңірде қызғалдақтың 18 түрі өседі, оның 10-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген
Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау тауының бөктеріндегі «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі аймақтың бірегей қызғалдақ мұрасын сақтауды талқылау үшін әртүрлі елдің ғалымдарын, экологтарын және табиғат әуесқойларын біріктірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірдің бірегей табиғи құндылығы «Қызғалдақ мұра» фестивалінің басты тақырыбына айналды.

Іс-шара облыс тұрғындарын ғана емес, Германия, Украина, Қырғызстан, Нидерланды, Ресей, Қытай, Түркия және Үндістаннан келген қонақтарды да біріктірді. Сонымен бірге экожүйелер бойынша сарапшылар, ЮНЕСКО, консулдық және дипломатиялық корпустардың өкілдері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, министрліктердің өкілдері қатысты.
Салтанатты шара барысында түрлі аталымдар бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.
«Қымыз мұрындық» рәсімі аясында үздік сауыншылар анықталды.
Сондай-ақ қазақтың ұлттық спорт түрлері – «Аударыспақ», «Қазақ күресі», «Қошқар көтеру», «Қол күресі», «Дәстүрлі садақ ату», «Арқан тарту», «Асық ату», «Тазы иттер жарысы» бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Фестивальдің нағыз сенсациясы қызғалдақ өрнегімен безендірілген, көлемі 200 шаршы метр болатын киіз кілемнің таныстырылымы болды. Бұл туынды Қазақстанның рекордтар кітабына енді.
Сертификатты рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков тапсырды.
Бұдан бөлек, фестиваль барысында қолөнершілер көрмесі өтті.
Қазақ ою-өрнегі мен қызғалдақ символикасынан шабыт алған заманауи бейнелерді ұсынған сән көрсетілімі басты оқиғалардың бірі болды. Дизайнерлердің өнімдері қызғалдақтың табиғатта ғана емес, сонымен бірге аймақтың мәдениетінде де терең тамыр жайғанын тағы бір рет дәлелдеді.
– Бүгінгі шара маған үлкен әсер сыйлады. Жамбыл облысының қызғалдақтары – Қазақстан мен Нидерланды арасындағы мәдени көпір. Тарих, дәстүр және табиғатқа деген сүйіспеншілік елдерімізді қалай байланыстыратынын көріп отырмыз. Мұндай бастамалар ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтеді, – деді Нидерланд Корольдігі Елшілігінің ауыл шаруашылығы кеңесшісі Ари Велдхаузен.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі Жамбыл облысының бірегей табиғи мұрасын сақтау үшін маңызды оқиғаға айналды. Әсіресе, Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу және Кіші Қаратау аумағында геопарк ұйымдастыру ұсынысына ерекше назар аударылды, Бұл бастама сирек кездесетін өсімдіктерді сақтау мен экожүйені айрықша қорғауға, сондай-ақ әлем жұртшылығының назарын осы мәселеге аударуға мүмкіндік береді.
Бұл жоба болашақта Қаратауды экотуризм орталығына айналдыра отырып, табиғи ресурстарды сақтауға ғана емес, өңірдің дамуына да ықпал ететін болады.
Халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивалі жарқын және ұмытылмас гала-концертпен түйінделді.

Айта кетейік, жыл сайын көктем келісімен Қаратау алқызыл кілемге оранып, ғалымдар мен туристердің, тұрғындардың қызығушылығын арттырады.
Жамбыл облысы қызғалдақ түрлерінің алуан түрлілігі бойынша Қазақстан аймақтарының арасында сенімді көшбасшы. Оның аумағында қызғалдақтың 18 түрі өседі, оның 10-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бүгінде голландиялық мамандар олардың негізінде әртүрлі елдердегі саябақтар мен бақтарды безендіретін ондаған сорттарды өсірді.
Оқи отырыңыз: Мейірімділік экспедициясы: қан орталығының еріктілері ел бойынша сапарға шықты